Энергетикалық сусын — еркекті белсіз етіп, ұрпақсыз қалдыра ма?
Кейінгі уақытта энергетикалық сусын ішіп, жансақтау бөліміне түскен, асқазаны тесілген, түрлі ауруға шалдыққандар туралы оқиғалар жиіледі.
Ғаламтор бетінде энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияны туралы көп ақпарат бар, соның ішінде ер адамды ұрпақсыз қалдырады деген жорамал да жоқ емес. Azattyq Rýhy тілшісі андролог-уролог дәрігер Азамат Ахметолдиновтан осы мәселенің ара-жігін ажыратып беруді сұрап, шағын сұхбат құрды.
«Энергетикалық сусындардың көп ішу – дүниеге ұрпақ әкелетін ата-ананың денсаулығына орасан зор зиян тигізеді. Ұрпақсыздыққа тікелей әсер етпесе де, жанама әсері бар. Энергетикалық сусынның құрамында болатын кофеин адам бойындағы бүкіл жасушаға қатты стимулятор ретінде жұмыс істейді. Стимулятор дегеніміз – орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, қоздыру арқылы белсенділікті көтеріп, энергияны арттыратын заттар тобы. Адам кофеинге тез үйренеді. Ол шамамен 3-4 сағатқа дейін адамды сергек ұстайды, сусынның әсері тарқаған соң, организмге демалыс беру қажет. Энергетикалық сусынмен жүйке жүйесіне әлсін-әлсін стимуляция жасай бергеннен жасушалар тез қартаяды, яғни сусынды жиі ішетін жас жігіттердің үнемі шаршаңқы жүруін осымен түсіндіруге болады. Кем дегенде 6 ай бойы үздіксіз энергетикалық сусын ішкен адамның көзінің алды, қолтығы, желкесі қарайып, бет-әлпеті тозып кетеді», — дейді дәрігер.
Оның айтуынша, құрамында суытылған кофеин мен қанты бар сусындардың ішінде зияны аз немесе көп деген түсінік жоқ.
«Энергетикалық сусындарда қанттың мөлшері өте көп. Қант — организмдегі инсулин гормонын жоғарылатады. Инсулиннің жоғары болуы – инсулинорезистенттілікке, ол өз кезегінде артық салмаққа, метоболикалық синдромдарға алып келеді. Зерттеулер бойынша метоболикалық синдромдар әйелдер мен ерлердің бедеулігіне себеп болады.
Оның үстіне бұл сусындардың құрамында қант таза емес, фруктоза түрінде болады. Фруктозадан бауырды май басады, өттің жүруі қиындайды. Айналып келгенде, энергетикалық сусынды тұрақты түрде ішу — аналық жұмыртқа жасушасына да, ер адамның сперматозоидтеріне де, олардың митохондриясына да әсер етеді», — деп сөзін түйіндеді уролог дәрігер.