Қазақстан мұғалімдері жоғары билікке ашық хат жолдап, петиция жариялады

0
16720

Еліміздің бір топ мұғалімдері Президент, Премьер-министр, Парламент мәжілісінің төрағасы мен депутаттардың атына ресми ашық хат жолдап, петиция жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

Ұстаздарымыз өздеріне артылған мәндетті орындай алмағандарына, яғни мектепте оқушыларға сабақ оқытуға еш мүмкіндіктері мен уақыттары қалмағанын айтып, жоғары биліктен «Нысаналы мектеп» жобасын тоқтатуды сұрады.

Назарларыңызға Қазақстан мұғалімдерінің ашық хатын толық мәтінімен ұсынып отырмыз.

Қазақстан Республикасының Президенті

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына,

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

Бектенов Олжас Абайұлына,

Қазақстан Республикасының Парламенті мәжілісінің төрағасы

Қошанов Ерлан Жақанұлына,

Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаттары

Аймағамбетов Асхат Қанатұлына,

Ермұрат Бапи мырзаға,

Сүлейменова Жұлдыз ханымға

Қазақстан мұғалімдерінен

АШЫҚ ХАТ

2024 жылдың тамыз айынан бастап, елімізде 943 мектеп  «Мақсатты мектеп» жобасына кіріп кетті.

Ы.Алтынсарин академиясының дайындаған  «Нысаналы мектеп» атты нұсқаулығына қарасақ,  Мақсатты мектептерді   мына негіздемелер арқылы анықтаған:

1.Педагогтердің сандық және сапалық құрамы;

2.Басшылардың сандық және сапалық құрамы;

3.Директордың  орынбасарларының сандық және сапалық құрамы;

4.ПББ нәтижелерін талдау;

. 5. Жалпы үлгерімі, білім сапасы;

  1. Материалдық-техникалық жарақтандыру;
  2. Психологиялық климат, бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру. т.б

«Мақсатты мектеп» жобасының жұмысы материалдық-техникалық жарақтандырудан емес, мұғалімдерді  онлайн оқытудан басталды.

Мұғалімдер  тамыз айынан бері  5 модульдік онлайн оқудан өтті. Әр модуль сайын көптеген онлайн тестер тапсырды. Тест сұрақтарының басым бөлігі  психологиялық, методикалық сұрақтардан тұрады.

Пәнге арналған сұрақтардың  өзі де қатеге толы.  Мұғалімдер бала оқыта ма, онлайн оқып, күн сайын тест тапсыра ма? Мұғалімдердің отбасына қарауға уақыты жоқ. Күндіз жұмыста, кеште онлайн оқуда.

Бұл жоба  жыл бойы жалғасады екен. Бұл мұғалімдердің денсаулығына да, жеке өміріне де кері әсерін тигізіп жатыр.

Ұлттық тестілеу орталығына, Назарбаев зияткерлік  мектептеріне  барып та тест тапсырамыз.

Бұл тесті тапсыру уақыты  мұғалімдердің демалыс күндеріне  сәйкес келеді. Бастауыш сынып  мұғалімдері  12-13 қазан 2024 жылға, қоғамдық –гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарының  пән мұғалімдері 26-27 қазан 2024 жылға белгіленген.

Қазақстан Республикасының заңдарына сәкес , оның ішінде еңбек кодексіне сәйкес  сенбі-жексенбі демалыс күндер болып белгіленген.

Егер ол күндері жұмысқа шақыратын болса,  жұмыс беруші  жалақы төлеуге міндетті. Төтенше жағдай болмаса, демалыс күндерінде жұмыскерді өз жазбаша өтініші арқылы ғана жұмысқа шақыра алады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі  Ғани Бейсембаев мырза  943 мектептің мұғалімдерін  демалыс күнге тест тапсыруға бұйрық шығарып отыр.

«Мақсатты  мектеп»  туралы  «Педагог мәртебесі»  заңында  да, «Білім туралы» заңда да  көрсетілмеген.

«Әділет.кз» сайтында да ешқандай ол туралы бұйрық немесе заң жоқ. Бұл жоба заңмен бекітілмеген жоба.

Заңды құжаты жоқ жоба қалай мектеп аралап кетті? Біз әр ісімізді заңмен реттеуге тиіспіз.

Бар болғаны Ы. Алтынсарин академиясының нұсқаулығы бар.  Нұсқаулық заң емес, бұйрық емес.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурызындағы  249 қаулысының  3 -бөлімінде «Педагогтердің кәсібилігін дамыту» деген тарауында педагогтердің біліктілікті арттыру курстары туралы жазылған.

Осы тарауда үш жылда бір рет педагогтердің біліктілігін арттыру жөнінде мемлекет басшысының тапсырмасы  бар екен.

» Педагог мәртебесі» заңы бойынша да  мұғалім 3 жылда  бір рет біліктілігін арттыратын курсқа баруы керек. Ондай курстардан барлық мұғалімдер уақытымен өтіп жүр.

5 жылда бір рет аттестациядан өтуіміз керек.  Барлық мұғалімдер  тест тапсырып,  аттестациядан  да өтіп қойдық .

Аттестациядан өтіп, тест тапсырған мұғалімдерді қайта даярлау не үшін, кім үшін қажет?

2017 жылдан бері оқулықтар жаңартылмады, бағдарлама өзгермеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза  білім сапасын арттырғысы келсе, сапасыз жасалған оқу бағдарламасын өзгертсін!

Мектептердегі материалдық база өте төмен деңгейде. Заманға сай жабдықтап берсін!  Сонда білім сапасы өздігінен артады.

СІЗДЕРДЕН:

1 . Мектептерге заңсыз енгізілген  «Мақсатты мектеп» жобасын тоқтатып берулеріңізді  сұраймыз!  

Құрметпен, Қазақстан мұғалімдері:

Мейіржан Темірбек

Айман Сағидулла

Сания Нүсіпәлі

Тілекқабыл Нұрышов

Айнұр Сабыр

Нүсүпбек Мейрамгүл Барқазатқызы

Баимбетова Маржан Маратовна

Сакетаева Жанна Кинаятовна

Жаңғашов Ғалымжан Қыдырәліұлы

Ыбышева Раушан Амангелдіқызы

Хатқа қол қою жалғасуда. Сонымен қатар, осы петицияға қол қоямын дегендер төмендегі сілтеме арқылы кіріп, қол қоюына болады.

https://epetition.kz/petition/c1c7f5ea-3f8f-49ad-b1a6-6e731365f518?commentPage=0

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.