Келіннің иіліп сәлем салуы — жабайылық па, үлкенге құрмет пе?

0
188

Бірнеше күннен бері қазақ қоғамында қызу талқыға түскен келесі мәселе — келіннің сәлем салуы болды. Продюсер Баян Мақсатқызының «сәлем салу — «дико» көрінеді» деген пікіріне қатысты әлеуметтік желілерде түрлі дүниелер жазылуда деп жазады Democrat.kz.

Жалпы, қазақ келіні үлкендерге не себепті иіліп сәлем салады? Осы сұрақтың жауабы ретінде білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы өз парақшасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің арнайы тілшісі Өмірзақ Ақжігіт ағамыздың Оңтүстік Қазақстан облысы Білім Басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда білім беру ұйымдарына «Өлкетану» курсын енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен облыстық семинар-кеңесте сөйлеген сөзінен  жазба жариялады. Назарларыңызға сол жазбаны ұсынуды жөн санадық.

«Ізет, құрмет — сәлемінің сыртқы мағынасы, ал, ішкі мағынасы — алған жарының аман болғанын Тәңірінен тілеу!

Оның дәлелі — қазақ әйелі күйеуі өлген күннен бастап сәлем салуын тоқтатады. Тоқтату міндетті емес, бірақ салмауына болады, өйткені Тәңірі оның тілегін орындамады ғой!

Демек, әйел атаулы «Алғаным аман болса екен!» деп шын жүректен тілесе, сәлем салуға тиіс.

Тіпті, «оқу өтіп кеткен» дейтін қайнаға, қайната тап болып, «Салмай-ақ қой!» десе де «Мақұл, көке!» деп алып, сәлем сала бергені жөн, өйткені оған алғанының аман болғаны ғой ең керегі.

Бірақ, әйел жесір қалған соң да ізет үшін сәлем салуын тоқтатпаса, ешкім оған ұрыспайды, қайта батасын береді.

Қазақтың исламға дейін қалыптасқан тағлымға толы осынау керемет салтын көнердіге санап, күресінге лақтырып жібергісі келетіндер де бар.

Ал, негізі «Алла-Тағала Адам Атаның қабырғасынан Хауа Ананы жаратқан соң, «Міне, сенің өмірлік серігің» деп таныстырғанда оның басына ақ жаулық салып көрсеткен екен, Хауа Ана Адам Атаға иіліп сәлем салыпты» деп жазады «Салт-дәстүр сөйлейді».

Біреулері бұны оның мән-мазмұнын білмегендіктен, алдыңғы буын айтпағандықтан, дәстүр тамыры үзіле бастағандықтан істесе, екіншілері әсіредіншілдікке ұрынады.

Қазақтың даласы мен тауын қажымай-талмай зерттеген еңбегі үшін фамилиясына қосымша ат жалғанған орыс ғалымы академик П.Семенов-Тянь-Шанский: «Қазақтарды оқытып қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім!» деген екен.

Құндылықтың бағасына жете білетін ғұлама солай тамсанса, «АҚШ демократиясының атасы» атанған, осы мемлекеттің негізін салушылардың бірі, оны 8 жыл басқарған Томас Джефферсон есімді әлемге әйгілі саясаткер: «Жақсы заңың болғанша жақсы дәстүрің болсын!» деп шорт кеседі.

Неге олай қатты айтады?

Өзінің мемлекетінің халқы қырық рудан құралған ел болғандықтан тамыры тереңге кеткен әдет-ғұрыптан мақұрым екенін көргендіктен, және оның орнын ешнәрсе толтыра алмайтынына көзі жеткендіктен айтып отыр».

Фото көрнекілік үшін.