Композитор Қалдыбек Құрманәлі жеке өміріндегі құпиясын айтты
Қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Кірмеші жиі түсіме» әні нағыз баянсыз махаббаттан туған туынды. Әннің авторы – сазгер Қалдыбек Құрманәлі KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жеке өміріндегі ұзақ жылдар бойы жасырған құпиясын алғаш рет ашық айтты.
«Кірмеші жиі түсіме, Жұлдыздай жанып өшкенсің. Тағдырдың салған ісіне, Не істерсің, жаным, не істерсің..?» Марқұм Мәдина Ералиеваның шығармашылығына ерекше екпін берген «Кірмеші жиі түсіме» әнінің тұсауы осыдан 35 жыл бұрын кесіліп, тыңдарман назарына ұсынылған.
Бұл хиттің шығу тарихы да шытырман оқиғаға толы. Композитор Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, ол 90-жылдары ең жақын досының тойына барады.
Таңға жуық автобуспен сол сауық-кештен жұмысқа қайтып келе жатқан жас сазгердің бойын ойда-жоқта лирикалық әуен билеп, тың туынды жарыққа шығады.
«Адамның тағдыры сияқты әннің де тағдыры болады. Мысалы, менің «Кірмеші жиі түсіме» атты әнім 90-жылдары дүниеге келді. Менің Бектұрсын деген досым бар, сол Алматы облысында той жасады, біз тойға бардық. Мен ол кезде Жазушылар одағында жұмыс істеймін. Кеңес одағы кезінде жұмыстан кешігуге болмайды. Түнде тойдан шыққаннан кейін қалайда Алматыға жету керек болды. Сол кезде жүрегімді бір әуен тербеп жүрген сәттер еді. Жолда келе жатқанда әдемі әуен келді. «Кірмеші жиі түсіме» әні сол кезде туған.
Таңертең Жазушылар одағына келіп, жолда ақын Жарасқан Әбдірашті жолықтырып қалдым. Екеуміз бұрыннан сыйласпыз, қазақтың көрнекті ақыны, оған деген құрметім ерекше. Жарасқан Әбдірашпен кездескен сәтте жақсы ән шығарғанымды айтып, соған өлең жолдарын жазып беру туралы ұсыныс білдірдім.
Таңертең мәтін жазу басталды, «Кірмеші жиі түсіме, тағдырдың жазған ісіне, не істерсің, жаным, не істерсің» деп бірінші жолдары жазылды.
Себебі әнді не үшін шығарғанымды, қандай жағдайда болғандығын толықтай ақынға түсіндіріп бердім. Таңғы 8:00-де Жазушылар одағына келіп ақынға ұсыныс айттым, шамамен сағат 10:00-де әннің мәтіні дайын болды.
Сол кезде Исраил Сапарбай, Жүрсін Ерман бәрі отырып, осы әннің алғашқы нұсқасын тыңдадық. Бұл сол кезде туылған ән болатын, жаз мезгілі еді», — деп еске алады Қалдыбек Құрманәлі.
Композитор бұл сұхбатында «Кірмеші жиі түсіме» әніне арқау болған махаббат хикаясы мен туындының басты кейіпкері туралы тұңғыш рет сырын ақтарды.
Сазгердің сөзіне сенсек, бұл хит оның жеке өміріндегі сәтсіз сезімді суреттейді.
«Мен сол кездерде өзім ұнатып жүрген қызбен үйленетін болып, екеуміз келіскен едік. Ол кезде үйленетін адамдар бірінші неке сарайына барып, арыз жазады. Ойлануына бір ай уақыт береді, кейін некесін қияды. Біз де үйлену үшін неке сарайына арыз жазып қойғанбыз. Ол қыз Алматыда балабақшада тәрбиеші боп жұмыс істейтін еді. Содан әлгі қыз хабарсыз кетті, жұмысына іздеп бардым. Сөйтсем ол қызды басқа жігіт алып қашып кетіпті. Ол қыз ағасының үйінде тұратын, мекенжайын білетінмін. Сол үйге барсам шынымен қызды алып қашып кеткен екен, яғни «Кірмеші жиі түсіме» әнінің кейіпкерін… Ағасының үйіне қызды алып қашып кеткен жігіт жақтан кешірім сұрауға адамдар келіп отыр екен. Сол кезде қыздың жеңгесі айтты: «Болар іс болды! Енді тірлікті ушықтырудың қажеті жоқ, әлі жассың, әлі ұнататын қыз тауып аласың. Егер сол қызды ұнатқаның рас болса, сен оған кешіріммен қара» деп жұбатты.
Қатты өкпеледім, сүйген қызыңды басқа біреу алып кетсе қалай ашуланбайсың? Көңіл-күйім быт-шыт болды. Ол қызды маңайымда жүрген біраз адам біледі.
«Кірмеші жиі түсіме» әні осындай тағдырдан туған еді. Әннің кейіпкері бұл туындының өзіне арналғанын біледі. Бірақ біраз уақыт өтті, оның қазір бала-шағасы бар, отбасы бар. Сондықтан оның аты-жөні жұмбақ боп қалсын», — дейді ән авторы.
«Кірмеші жиі түсіме» әнінің алғашқы орындаушысы Ақбота Керімбекованың анасы – Бибіажар Махамбетова екен. Алайда бұл туындыны тыңдарманға кеңінен танытқан марқұм Мәдина Ералиева.
«Күндердің күнінде Мәдина Ералиаеваға «Кірмеші жиі түсіме», «Қиялдағы қалқа», «Ұмытпа мені, аяулым» деген үш әнімді апардым. Үш әнді де Мәдина Ералиева өз репертуарына қосты.
Сол жылдың 1 мамыр күні Республика сарайында өткен «Тамаша» ойын-сауық отауының концертінде «Кірмеші жиі түсіме» әнін орындап шықты. Сол кезде бұл ән халыққа кеңінен танылды.
Ол жылдары «Тамашада» әнің шықса, әнің де, өзің де бірден танымал боласың. Айта кетейін, «Кірмеші жиі түсіме» әні – Мәдина Ералиеваның репертуарындағы тұңғыш эстрадалық туынды.
Сондай-ақ бұл ән өмірден өз қимасын жоғалтып алған жандарға, әсіресе өмірден өтіп кеткен ақын-жазушылардың үйіндегі жеңгелеріміз жанына жақын тартып, тіпті өздерінің әнұранына айналдырып алған кездері болған.
Бұл ән маған үлкен абырой әрі танымалдылық алып келді», — дейді композитор.
Халық арасында хитке айналған «Кірмеші жиі түсіме» әнін Мәдина Ералиевадан кейін Қыдырәлі Болманов, Ақбота Керімбекова, Асқар Жүнісбеков, Жеңіс Ысқақова, Димаш Құдайберген орындаса, таяуда Сәкен Майғазиев аталмыш туындыны жаңа нұсқада жарыққа шығармақ екен.
Айта кетейік, Қалдыбек Құрманәлінің сазгерлігінен туындаған өзге әндерді де отандық эстраданың өкілдері шырқап жүр. Мәселен, Тамар Асардың орындауындағы «Шай ішіп кетсең қайтеді?», Мақпал Жүнісованың репертуарындағы «Жайықтың толқындары», «Жігіттер» тобы «Ән аға – Шәмші аға», «Каспий» тобы орындауындағы «Сырдария жағалауы» сынды танымал әндер бар.