«Қытайдан келген қазақты саясатқа араластырмау керек» деген сөз дұрыс па?

Қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынұлы кей кісілердің қолдан жасайтын нарративтерге қатысты айтып, жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Қытай қазағы», «Моңғолия қазағы», «Өзбекстан қазағы» деген қолдан жасалған нарративтер жиі талқыланып жатыр.
Бұл өте қауіпті тенденция. Себебі қазақ халқы – біртұтас ұлт және Қазақстан Республикасының Конституциясында барлық азаматтардың тең құқықтарға ие екенін анық жазылған.
Бірақ соны аяққа таптаған Сәуле Әбілдаханқызы деген блогердің шетелден келген қандастарға қатысты кемсітушілік риторикасы әбден шектен шықты.
Атап айтқанда Сәуле Әбілдаханқызы фейсбук әлеуметтік желісінде этникалық қазақтарды шыққан тегіне қарай бөліп, «жалпы, қытайдан келген оралмандарды мемлекет саясатына араластырмау керек…. моральдық қақысы жоқ» депті.
Соған байланысты блогердің сөзі мен іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап ҚР Бас прокуратурасына арыз-шағым түсірдім.
Бұл – тек қазақтың бірлігіне ғана емес, елдің болашағына да төнген қауіп. Ұлттың бөлінуі оның әлсіреуіне алып келеді, ал әлсіреген халық сыртқы ықпалдарға осал болады.
Шынтуайтында қазақтың мүддесі үшін ішкі алауыздықты қоздыру емес, бірлігімізді нығайту аса маңызды.
Елімізде «қазақ» деген бір ғана ұлт бар, оны «Қытай қазағы», «Өзбекстан қазағы» «Моңғолия қазағы» деп бөлу нағыз ұлт сатқынының іс-әрекеті деп білемін.
Сондықтан да қазақтарды шыққан тегіне қарай бөлуді тез арада тоқтату керек!» деп жазды Тұрарбек Құсайынұлы.
Фото көрнекілік үшін.