«Мейіржан түрмеден шықса, қызым тұрмыс құрса деймін»

Журналист Ләйлә Сұлтанқызының LStories бағдарламасына блогер Дана Есеева мен енесі келіп, сұхбат берген. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі мен әртүрлі қиындықтар туралы сөз қозғаған олар ақтарыла сөйлеген. Сұхбат соңына қарай Ләйлә Сұлтанқызы Мейіржан Төребаевтың анасы Сұлухан Төребаеваны сөзге тартты.
«Жаңа кадрдан тыс боянып жатқанда «екі үлкен арманым бар» деп қалдыңыз. Сол армандарыңыз туралы айтып бересіз бе?», — деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Бұл сұраққа жауап берген Сұлухан Төребаева екі арманын екі баласымен байланыстырды.
«Сол армандарымды айтайын ба, айтпайын ба деп ойланып отырмын. Арманым ішінде негізі…Бірінші арманым – күні-түні Мейіржанымның түрмеден шыққанын тілеймін. Құдайдан «тезірек отбасына оралса екен» деп сұраймын. Негізі, мен баламды бес саусағымдай білемін. Балам ешкімнің ала жібін аттамайтынын, ешкімге жамандық жасамайтынын білемін. Кейде мен пендешілікке салынып біреу туралы бірнәрсе айтып отырсам, «мама, өзіңіз намаз оқисыз, айтып отырғаныңыз қалай?» деп мені ұялтады. Құдайға шүкір, жасы қырыққа келді. Мейіржанымның сөзін тыңдаймын, Дананың сөзін тыңдаймын. Екеуі бақытты болып, бір жастықта қартайғанын қалаймын. Бес немерем қасымда, бақытты адаммын», — деді ол.
Ал, екінші арманын айтқан ол Мейіржаннан үлкен қызының жалғыздығына алаңдады.
«Екінші арманым –Мадина есімді қызым бар. Мейіржанымнан үлкен. Сол қызым отбасы құрса екен армандаймын. Күні-түні «жалғыз қалмаса» екен деп тілеймін», — деді ол.