«Мешітте балалар бача-бази билеп жүр» десе, оны да ақтап алатын шығармыз?

Түркістан облысы, Сарыағаштағы мешіт имамы Әбужаппар Смановтың ерсі қылығына қатысты қоғамда пікірталас тоқтамай тұр деп жазады Democrat.kz.
Еске салайық, бірер күн бұрын бүкіл әлеуметтік желіде кішкентай балаларға аяқтарын уқалатып отырып, мешітте уағыз айтқан Әбужаппар Смановтың видеосы тараған еді.
Видео тараған сәтте аузынан «алласы түспейтін», бірақ өтірікті шімірікпей айтатын, кез келген арсыз тірлікті ақтап алудан тайынбайтын, өздерін Ислам дінінің өкіліміз деп санайтын кей кісілер әлгі видеоға қатысты «имамның өз немерелері, атасының аяқтарын уқаласа, не болыпты? Болмайтын дүниені сөз етіп, дінді қаралап жатсыңдар» деп ышқынды.
Иә, кәдімгідей ышқынды. Бажылдап, байбалам салды. Имамның аяғын уқалағандар расымен немерелері ме? Дәлел бар ма?
Әйтсе де, өздерін «асыл діннің өкілі» санайтын қауымның кей пенделері әлгіндей сұрақтың ешбіріне жауап бермеді. Бар болғаны — «атасының аяғын уқалаған немерелер» дей берді.
Бұл уәждерінен түк шықпасын білген сәтте «пилинг жасатқан жезөкшелерді неге айтпайсыңдар?» деп назарды басқаға бұру әдеттеріне кірісті.
Байқасаңыз, үнемі осылай! «Зекет» қорының экс-басшысы зәулім сарайда тұрады деген шуда «миллиардтап асап жатқан шенеуніктерді неге айтпайсыңдар?» деп шықты.
Хиджабқа қатысты дауда — қысқа етек кигендерді айтыңдар десе, мас күйде ұсталған имам оқиғасында — «онда тұрған не бар, қымыз ішкен. Араққа салынғандарды неге айтпайсыңдар?» дей салды.
Қоғамдағы осындай көрініске қатысты журналист Ержан Төлек те:
«Мешітте талтайып отырып алып, жас балаларға аяқ, жамбас сипатып отырған Әбужаппар Смановты жақтағандардың қарасы қалың.
Басым көбі ұстанымдарын ашық білдіретін я зайырлы болып көрінгенмен ішінде ит өліп жататын тариқат, жамағат һәм сектаның өкілдері.
Тіпті ішінде “Болашақпен” оқып келген адамдардың, мем қызметтегі жандардың жүруі қалыпты құбылысқа айналып барады.
“Бәріміз аяқ сипап өскенбіз”,-дейтіндер қазір балаларына әке-шешелерінің аяғын сипалата ала ма? Дұрыс, құрмет делік, оны үйінде жасасын…
Мешіт — массаж салоны ма?! Әлде бала-шағаға аяқ сипалататын орынға айналған ба?!
Сабақ уақытында балалар мектепке бармай, мешітте не істеп жүр?! Ораза айында аяқ сипалату қалай кетті өзі?!
Немерелері болса сол балалардың видеосын көрсетсін, құжаттық тұрғыда немересі екенін дәлелдесін?!
Ертең сендердің де балаларың мешітте имамның аяғын сипалап отырса, сауап деп қуанатындарыңа көзім жетті… Сұрақ көп, жауап жоқ» деп жазды өз парақшасында.
Бір сәтке ойыңызды жинақтап, назарыңызды дәл осы мәселеге салып көріңізші… Бізде арсыздықты ақтап алатын, өздерін діншіл санайтын пенделер тым көп сияқты емес пе?
Адами қасиетке жат кейбір дүниелерді түрлі хадис, аятпен ақтап алуға тырысатын қос аяқты пенделер бұрын мешіт, медресенің маңында жүретін.
Ал қазір ондайлар балабақшадан бастап, мектеп, аурухана, емхана, тіпті шенді-шекпенділердің арасында да өріп жүр.
Мұның ақыры жақсылықпен бітеді деп ойлайсыз ба? Бүгін имамның аяқ уқалатуын осылай ақтап алғандар, ертең имам мешітте пилинг жасатса, оны да ақтап алары сөзсіз ғой? Одан кейін ше? Одан кейін мешіт-медресе балаларын бача-базиге салса ше, оны да ақтап ала ма, қалай ойлайсыз?
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.