«Мұғалімді жайына қалдырыңыздар!» деп пікір жазуда

0
884

Мұғалімдерге діни экстремизммен күресу міндеті артылады. Бұл туралы құжат жобасы таяуда Ашық НҚА порталына қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 Бұйрығына мынадай толықтырулар енгізілсін:

«орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асырады;

білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтар және басқа да қызметкерлерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіреді», — делінген құжатта.

Бұйрық мәтінінің астына бірнеше қарсы пікір жазып, жанайғайын жеткізген.

«Мұғалімдерді жайына қалдырыңыздар! Ұстаздар білім берумен айналысу керек! Мұғалімдердің мойынан өзге міндеттерді арта беруді доғарыңыздар»,

«Неге мұғалімге қосымша жұмыс жүктей бересіздер? Мұғалім өз пәні бойынша сабағын беруге, сіздер бекітіп берген мың есептерді тапсыруға уақыт таппай жүр. Ішкі саясат, дін мамандары не істейді сонда?

Әркім өз жұмысын жасауы керек қой», «Діни экстремизм» деген не? Қарапайым мұғалім бұл білімді оқушыларға қалай сіңіреді? Бізде сондай дайындықтан өткен мұғалімдер бар ма? Мүмкін әркім өз ісімен айналысуы керек шығар?!»,

«Қарсымын! Мұғалім «орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыратын» дінтанушы, теолог емес! Мұғалімнің мектеп басшылығы сияқты, бұл қызметті жүзеге асыруға біліктілігі, өкілеттігі жоқ» деген пікірлер жазылған.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.