«…намыстан жұрдай еркектер көбейді» дейді
Қазақта намысты азамат қалмаған! Барының өзі қартайған. Еркек біткеннің көбі қатыннан бетер сайқал, қатыннан асқан өсекші, бір сөзбен айтсам, сілімтік һәм сүмелек.
Кілең қорқақ һәм жағымпаз. Әйтеуір өзінен шен-шекпені жоғарының көтіне кіріп кеткісі кеп тұрады. Дәлел керек пе? Міне! Алғаны аздай тағы бір рет асап қалайын деген оймен жалмаңдап жүрген еркектерге бәрібір.
Олар тек қағаз жүзінде ғана “ұлтым”, “елім”, “тілім” деп аһ ұра береді. Бұл сұрыптағыларға шалбар қор, өз басым ондайларды азаматты қойып, еркекке санамаймын.
Содан кейінгілері — шетінен қатын сабағыш. Анау үйін тартып алып бала-шағасын қаңғытқан еркек еркек пе? Сазарған кейпі қандай жаман еді. Шегіп алған-ау.
Анабіреуі көшеде пышақ ұстап қатынын тепкілеп жүр. Сол да еркек пе? Осы екі видеодағы (Айгүл Орынбек жариялаған) қызық тамашалап тұрғандар ше? Еркек пе? Шешелері өлмей ме ананы көргенше!
Әлгі тепкінің астында қалған әйелдердің әулетінде, ауыл-аймағында, руында еркек жоқ па өре түрегелетін. Жоқ қой, бар болса, тепкілетіп қарап отыра ма?
Біздегі еркектің түрі анау, бес күн түрмеде жатқанын мәртебе көрген Тұрсынбек және соған жырқылдап отырған көрермен еркексымақтар. Анада өре жоқ қой.
Сахнаға шығып түрме көргенін мақтаныш санамай: “Ел алдында шектен тыс кетіп еркелеп жүрсем де дәл сол жерге түспеуім керек еді, әке-шешемнің бетіне шіркеу болды, бала-шағамнан да ұят, кешіріңіздерші мені”, — дей алса, ел басына көтерер еді!
“Сол мақтанып айтар нәрсе ме, өй, найсап, тексіздігіңді көрсеттің-ау!” — дейтін ақсақал болмайды бізде.
Жалбаңдаған жалпақшешейлері, жарбаңдаған жағымпаздары басқан қоғамда өтірііііік Әлихан, Міржақыптарды айтып шайнап жүрген еркектер ғой оның көрермені.
Бет-аузын тыржыңдатқан сайқымазақтар мен есірткі шегіп алғандай эстрада әншілерінің көрермені де өзіне сай, әбден лайық қой. Шөжедей әнші еркектердің қолынан сахнада тайраңдағаннан басқа іс келетініне сене қоймаймын да.
Әрине, бұлар халықты той арқылы тонап әлдеқашан бизнес ашып алғандар, мұрты қисаймайды, бірақ еркек емес, намыстан жұрдай маймылтектестер дегенге келеді…
Ақшамен бәрін сатып алатынына бек сенімді, бірақ ақша сенің орныңа ауырмайды және өлмейді. Кебінде қалта тағы жоқ.
Жалтақ, қорқақ, жағымпаз еркектер де құрыр, өлер, бірақ солардың балалары да тура өзіндей боп жетіліп жатыр. Қазақтың мен көрген ат төбеліндей аз азаматтары, мықты жігіттері бар, құдай соларға ғұмыр берсін!
Ал әлгіндейлер тұқымымен қырылып қалса да жаным аши қоймайды. Өздеріне обыр мен кесепат та жолай қоймайды, қара жер де жиіркенеді қабылдауға. Солай!
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.