Науқас оқушыны кемсітіп, қорлаған айналасы үздіксіз буллинг жасаған

0
84

Атыраулық Аида Алданазарова осыдан екі жыл бұрын қызының мектепте буллинге тап болғанын, салдарынан өзіне қол жұмсамақ болғанын айтып, әділдік іздеп жүр.

“Өзін өлтіруге дейін” жеткізу бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Жасөспірім қыздың анасы осы іске қатысы барлардың жауапқа тартылуына талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Аида Алданазарованың қызы Атыраудағы Х.Доспаноа атындағы №18 мектепте оқиды. Биыл ол 6-сынып оқушысы. 12 жастағы оқушының ұстама ауруы бар, ІІ топтағы мүгедек.

Аиданың айтуынша, қызы өсе келе арқасы қисайып, бір аяғы екіншісінен ұзын болып, сөйлеуде бірқатар қиындықтар пайда болған. Қыздың анасы оқуышының осы себепті мектептегі буллингтің құрбаны болды деп есептейді.

“Мектептен қайтып келгенде жылайтын, бұл туралы сөйлескісі келмейді. Стресс оның денсаулығына да әсер етіп, жиі ауыратын болды. Кейін қызымды мектепте мазақ қылып, қорлайтынын білдім. Ортақ чатта, телефонына түрлі кемсітетін хабарламалар жіберіпті. 4-сыныптың ортасына дейін жақсы оқыды. Кейін денсаулығына байланысты сабақтарды қалдырып жүрді. Кейбір мұғалімдер қызымның оқу үлгерімі нашарлап кеткендіктен көңіліне тиетін сөздер айтқан. Сыныптастары өздерінің ортақ чатында “сенің ақыл-есің кем” деп жазған”, – дейді Аида Алданазарова.

2022 жылы 16 ақпан күні сыныптастардың тарапынан қысым көрген оқушы анасы дүкенге кеткенде дәрі ішіп қойған. Үйге келгенде Аида қызының жерде талмасы ұстап жатқанын көрген.

Жанында Д3 дәрумендерінің қорабы жатыр екен. Қыз 27 данасын ішіп қойған. Оқушыға алғашқы көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметкерлері құтқарып қалды.

Аида мектепке барып балалардан мұндай әрекетті қайталамауын сұраған. Алайда оқушылар оның сөздерін елеусіз қалдырған.

Сөйтіп ол болған жағдайды мектеп директорына, психологқа және сынып жетекшісіне айтқан. Нәтижесінде ата-аналар жиналысы өтті. Онда ата-аналар балаларының іс-әрекеті ақтауға келмейтінін және олармен сөйлесетінін айтты, Сөйтіп Аидадан кешірім сұраған.

Алайда келесі күні Аиданың қызы тағы да өзіне қол салмақ болған. Бірақ бұл туралы жедел жәрдем қызметкерлері де, мектеп әкімшілігі де полицияға хабарламаған.

Кейін полиция іс материалдарын жинақтап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-1-бабында көзделгендей кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттер туралы хабарламағаны үшін кінәлілерді жауапкершілікке тарту мәселесін қарау мақсатында құзырлы органдарға жіберді.

Сондай-ақ полиция «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын бастады, оның барысында мұғалімдер мен мектеп оқушыларынан жауап алды.

Бірақ олардың тарапынан буллинг болғанын ешкім мойындаған жоқ. Қылмыс белгілері табылмады деген желеумен іс жабылды.

“Қыздың анасы мұнымен келіспей, прокуратураға хабарласқан соң іс қайта қозғалды. Қыздың сыныптастары оқушыға психологиялық зақым келтірген немесе келтірмегенін анықтайтын сот-психологиялық сараптама тағайындалды”, – деп жазды басылым.

Мектеп директоры болған жағдайдан кейін екі қыздың басқа мектепке ауыстырылғанын айтты. Алайда мұндай өзгерістен кейін де қыздың жағдайы жақсармаған.

Аида мектептегі жағдайды қалалық бөлімдер мен облыстық басқармаларға жеткізген. Ондағы шағымында оқу ісінің меңгерушісі Э.Шалқарова мен сынып жетекшісі А.Саламатованың қызына дөрекі сөздер айтқаны туралы жазған.

Аиданың шағымы бойынша мектеп әкімшілігі өткен жылдың қараша айында сынып жетекшісін ауыстырған. Алайда содан кейін оқушылардың көпшілігі – 12 адам наразылық ретінде сабаққа келмеген.

Аидаға бес ата-ана сынып жетекшісін ауыстырмауды өтініп, оның орнына қызымды басқа мектепке ауыстыруды ұсынғанын айтады. Ол оқу ісінің меңгерушісі бес ата-ананы өзін қолдау мақсатында өзі шақырды деп есептейді.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Э.Шалқарова жоспардан тыс кездесуде сынып жетекшісіне қатысты әңгіме болғанын растады. Бірақ ата-аналардың ешқайсысы қызды басқа мектепке ауыстыруды ұсынбағанын айтады.

Жауап алу кезінде сынып жетекшісі мен тәрбие психологы қорқыту мен кемсіту туралы естігендерін, бірақ ондайды өз көзімен көрмегендерін айтқан.

Сол уақытта облыстық білім басқармасының басшысы болып тұрған Ерлан Сламбеков ата-аналардың шағымы бойынша құрылған комиссияның қорытындысын зерделей келе, сынып жетекшісінің әдепсіз әрекет жасағанын растады.

“Комиссия “екі оқушыныҢ басқа сыныпқа ауысуы, сынып жетекшісін ауысуы, сондай-ақ оқушылардың бір күнде сабаққа жаппай келмеуі оқушылар арасында жағымсыз ахуал туғызып, олардың арасындағы қарым-қатынас пен достыққа кері әсер етті” деген қорытындыға келді.

Бұл жағдайлардың барлығы мектеп директорының, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының, мектеп психологының, сынып жетекшісінің әрекетсіздігінен, сыныптағы оқушылар арасындағы қарым-қатынасты дер кезінде қолға алмауынан және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырмауынан болды деп есептейміз.

Сонымен қатар тергеу барысында Э.Шалқарова мен А.Саламатова арызға еш қарсылық білдірген жоқ, кешірім сұрамады, келісімге де келмеді. А.Саламатованың комиссия мүшелері мен ата-ананың алдында көрсеткен мазақ күлкісі мұғалім әдебіне сай емес”, – дейді Ерлан Сламбеков.

Аиданың қызы оқитын мектепте Э.Шалқарова да, А.Саламатова да жұмыс істемейді. Мектеп олармен 2023 жылдың 8 ақпанында еңбек шартын бұзды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова өткен жылдың 21 қарашасында Аида Алданазардан арыз түскенін айтты және тергеу жұмыстары қыздың буллингке ұшырағанын растады.

Аида Алданазар мектеп директоры Д.Дәлиев мектеп оқушыларының арасында орын алған келеңсіз қарым-қатынас пен тәртіпсіздіктің салдарынан қызметінен кетті деп ойлайды. Сондай-ақ ол буллингті түбегейлі тоқтату үшін заңға жүгінбек.

“Қызым қазір ем алып жүр. Мектептегі тамыр-таныстық тоқтамайынша, буллинг те бітпейді. Егер сынып жетекші директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде анасына сенбесе ол оқушылардың бірін-бірі қорлауына жол бермес еді”, – дейді Аида.

Биыл 3 маусымда Аида Атырау облысының білім беру сапасын қамтамасыз ету басқармасына қалалық білім бөлімінің қызметкерлері осы мектепте жұмысқа тұрғанын, іс жүзінде сабақ бермесе де, жалақы алатынын айтып арыз түсірді.

Осыған қатысты басқарма басшысы Бердібек Таишев шағым бойынша Х.Доспанова атындағы орта мектепте жоспардан тыс тексеру басталғанын растады.

“Арызда көрсетілген фактілердің тек бір мұғалім – М.Сейтқалиеваға қатыстысы расталды. Тексеру барысында мұғалімнің қосымша сағат алғаны, бірақ себепсіз жұмыста болмағаны және әлі де жалақы алатыны анықталды.

Kundelik.kz электронды журналында оның «Қызықты математика» айдарында 12 сабақ, «Математика әлемі» айдарында 13 сабақ бергені көрсетілмеген.

2024 жылдың 5 маусымында Kundelik.kz электронды журналынан алынған мәліметке сәйкес, М.Сейтқалиеваның баяндамалар бөлімінде 2А, ​​2Б, 2Б, 3А, 3Б сыныптарының тақырыптары мен журналы толық толтырылмаған.

Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі 409-баптың 4-тармағы 1) тармақшасына (Білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын сақтамау) сәйкес, лауазымды тұлғаға қатысты анықталған бұзушылықтар үшін мектеп директоры Р.Қыстаубаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 10 АЕК көлемінде 36 920 теңге айыппұл салынды”, – дейді Бердібек Таишев.

Атырау облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы А.Иманәлиев өзіне қол жұмсау дерегі бойынша Қылмыстық кодексінің 105-бабы 3-бөліміне (Кәмелетке толмаған адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу) сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.