Ортаншы баланың жазылмас жан жарасы

0
1116

«Үйдің ортаншы баласы болғанша, дүниеге келмегенің анағұрлым дұрыс» деп ойлаймын», — деп бастады Айнұр әңгімесін. 

Мені дүниеге әкелгенінде, шешем 41 жаста екен. Үйдің ортаншы баласымын. Менен үлкен әпкем бар. Менен кейін інім және сіңлім бар. Білесіз бе, ата-анама деген ренішім қазіргі 46 жасыма дейін тарқамады.

Иә, бұл күнде әкем де, шешем де мәңгілік мекендеріне аттанған. Ал жер бетінде мені нағыз жетім етіп тастап кетті.

Әпкем — үйдің тұңғышы болғаны үшін «ата-әжесінің баласы» болып өсті. Оның бетіне қарап ешкім сөйлемейтін. Тіпті, әке-шешеміз де «шал мен кемпірдің қызы» деп соның бар айтқанын орындайтын.

Менен кейін шешем 43 жасында үйіміздегі жалғыз ұлды дүниеге әкелді. Ұлдың қазақ отбасындағы орнын мен айтпасам да, білесіздер. Ал кенжеміз, еркеміз Махаббатты 46 жасында туған шешем «өмірімнің мәні — осы қыз» деп ерекшелеп отыратын.

Әкем ұлын жанынан тастамайтын. Оны 10-12 жасқа келгенге дейін арқалап жүрді. «Ұрпағымның жалғасы, көзімнің нұры» деп отыратын әр заман.

Үлкен әпкем ата-әжесінің бар жылы-жұмсағына бөленіп өсті. Бүкіл алтын-күміс, қымбат сыйлық соныкі еді.

Неге екенін білмеймін, мен елеусіз, ескерусіз өстім. Әлі есімде 13-14 жасыма дейін әке-шешемнің назарына түсу үшін, соларды өзіме қарату үшін жанымды салатынмын.

Шешем «көзімнің нұры, шыбын жаным» десе екен деп, шамамның жеткенінше үй шаруасын жанталасып істейтінмін. Әкем «бақытым, байлығым» деп маңдайымнан иіскесінші деп қора-қопсы тірлігі мен малды жайғау жұмысын істейтінмін.

Өкінішке қарай, үйдегілер маған тек алып кел, шауып кел бала ретінде қарады. Дастарқан басында жиналғанымызда басқа балалар секілді мен де өз қызықтарымды айтуға оқталған сәтте бірден сөзім кесілетін. Немесе ешкімге менің айтқаным қызық бола бермейтін.

Кейде «осылар мені асырап алған жоқ па» деп те ойлайтынмын. 12-13 жастан кейін үйдегілердің көзіне түсуге деген жанталасымды сап тыйдым. Жалықтым. Шаршадым. Бәрібір түк шықпайды деп қолды бір сілтедім.

Әпкем институтқа атамыздың арқасында оқуға түсті. Үйде ұлан-асыр той болды. Мен бар күшімді салып, өз біліміммен дәрігердің оқуына түстім. Ешкім елеп-ескермеді де.

Керісінше «әпкеңнің киімдері мен сөмкесін ал. Ақша жоқ. Оқуға баруға жол қаражатыңды қарызға аламыз деп шешем бірден ескертті.

Қарағанды қаласына кеттім. Ал бауырларым ауылға жақын қалаға оқуға түсті. Күн сайын болмаса да, аптада бір рет бас қосуларына мүмкіндігі бар. Үшеуі бір-біріне жақын болды.

Араларына кіріп кетуге, солармен тең дәрежеде болуға бала күнімде  жанталасып шаршағам. Кейін оқуымды бітіріп, елден жырақта жұмысымды істеп, өз күнімді көруге үйрендім.

Менің осылай шеттетілуіме ең бірінші ықпал еткендер — ата-анам деп ойлаймын. Басқа балаларын ерекшелеп, бауырына тартып, ал маған келгенде мән бермеу қасиеттері бауырларымнан да алыстатты.

Әкем дүниеден озғанда шешемнің «жалғыз ұлыңды үйлендірмей кеттің ғой! Кенжетайың сені сағынып жылайтын болды ғой!» деп жылауы…

Көп ұзамай, шешем төсек тартып ауырып, жатып қалды. Ол кезде әпкем тұрмыста, балалы-шағалы еді. Онсыз да әке-шешесін аға-жеңгесіндей көріп өскен ол ата-әжеміз қайтыс болғаннан кейін «мен жетіммін» деп мүжіліп жүрген еді.

Жұмысымнан сұранып, шешемді қарауға Қарағандыдан Таразға келдім. Бес күннен бері есі кіресілі-шығасылы жатқан шешем бесінші күні бой жазды ма, әлдене деп күбірлей бастады.

Құлағымды тосқанымда: «Құдайым, жаратқан Құдайым, жалғыз ұлым мен кішкентай қызым жаутаңдап қалатын болды ғой. Сол екеуінің көз жасы үшін жанымды алмашы» деп жалбарынып жатқанын естідім. Мен ше? Бұл дұғаның ішінде неге мен жоқпын?

Өкінішке қарай, шешем де көп ұзамай бақилыққа аттанды.

Өз өмірімнен түйгенім, біздің қазақ «туа алам» деп бей-берекет бала табуды біледі. Алайда әр баланың қақысын, құқығын тең сақтауды білмейді. Тұңғышым, жалғызым, кенжетайым деп өз балаларын бөліп қарайды да «барлығын бірдей жақсы көремін» деп өтірік көлгірсиді.

Менің бұл сөздерімді оқып отырған басқа ата-аналар да «бос сөз. Барлық баламды теңдей жақсы көрем» деп шапылдап шығып, «бәлкім өзінің бірдеңесі бар шығар» деп маған кінә арта салуы мүмкін.

Себебі біздің халық кінәні біреуге артып, жеңілдейтін халық. Мені тек мен сияқты ортаншы бала, елеусіз бала болып өскендер ғана түсінеді.

Бір ғана қыз тудым. Бүкіл махаббатымды соған арнап, өсіріп жатырмын. Қызымды алтынға-аптап, күміске-күптеп қоймағам. Бірақ бойымдағы бүкіл махаббатымды түгел сарқып беруге бар күшімді жұмсап жүрмін.

Ата-анасының махаббатын толық сезінбеген бала — ең сорлы, ең жолы болмайтын, өмірде өз орнын таба алмайтын, айналасына ызалы бала болып өседі.

Жыл сайын бала табатын әйелдерге айтарым — қоғамды қоқыс балаға толтырып жатқан жоқсыздар ма, бір ойланып қойыңыздаршы. Шұбырған 4-5 немесе 5-6 балаңызға бақытты балалық шақ сыйлап, сүйіспеншілікке теңдей бөлеп жүрсіз бе?

Әй, қайдам…

Сосын 40 жастан кейін бала табатын әйелдерді жауыз, қатыгез дер едім. Мың жерден мықтымын десе де, 35 жастан кейін кез келген пенденің денсаулығы 25 жастағыдай болмайды ғой!

40 жаста туған балаң 20-30 жасқа келгенше оның қорғанышы болып аяқта тік тұра аласың ба? 40 жасыңда баланы тудың, 45 жасыңда қайтыс болсаң ше? Не болады? Балаң жетім қалып, өмірінің соңына дейін өксіп өтпей ме?

Кәрі әйелдің бала табуы — эгоизмнен туындаған қатыгездік дер едім. Баласының болашағын емес, өзінің қалауын орындауды бірінші ойлау — қатыгездік емей, не? Жалпы, бала тумас бұрын дұрыстап ойланған жөн, әрине егер, басында ақылы бар әйел болса…

Мақаланы дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.