Отандық танымал сериалда басты рөлде ойнаған актер Ұлттық ұлан сапына қосылды

Отандық «Патруль» сериалында басты рөлде ойнаған актерлердің бірі Білімжан Тұрсынов Ұлттық ұлан сапына қосылды. Қазіргі уақытта ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр.
«Ұлттық ұлан сапына қосылғаныма қуаныштымын. Әскери бөлімде өнердегі жолдастарымды да кездестірдім. Қазір жауынгерлік жасақ құрамында Өскемен қаласының қауіпсіздігін күзетемін. Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеу – мен үшін басты міндет. Ал өнерге оралуға әлі де кеш емес. Жалпы, өзіме комедия жанрындағы фильмдерге түскен ұнайды», — дейді қатардағы жауынгер.
Білімжан әскерге дейін Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында актер болып қызмет атқарған. Ол «Сотанайдың соңғы үйленуі», «Әйел махаббаты» секілді спектакльдерде ойнаған.
Голливуд жұлдызы, әйгілі актер Джонни Деппті үлгі тұтатын Білімжан болашақта қазақ театры мен кино өнерінің жарық жұлдызы болуды мақсат тұтады.