Президент Тоқаев: «Бұл сұхбат — елге терең ой салу мен халыққа жолдаған арнайы үндеуім деуге болады»

0
110

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат берді. Сұхбатында Президент ел экономикасы, әлеуметтік жағдай, саяси қадамдар туралы кеңінен баяндады деп жазады Democrat.kz.

Сұхбаттың бірінші, екінші бөлімін мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз.

Сіз бизнесті қолдау мәселесіне ерекше мән бересіз. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен кездесесіз. Еліміздегі кәсіпкерліктің даму үрдісіне көңіліңіз тола ма?

– Мен инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударамын.

Күздегі Жолдауымда Үкіметке осыған қатысты нақты тапсырмалар бердім. Былтыр сәуірде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылдадық. Қазір мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіріп жатырмыз. Бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Басынан бастап реттеу» тәсілі енгізіліп жатыр. Кейбір экономикалық қылмыстар қылмыс санатынан шығарылды, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша қамауға алу жазасын қолдануға тыйым салынды. Мұның бәрі кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалды.

Мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп отыр.

Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр.

Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады.

Мемлекет ірі бизнесті де дамытуға мүдделі. Осындай кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де, жергілікті қауымдастықтармен ұзақ мерзімге арналған серіктестік қатынас орнатуға деген құлшынысы да зор.

Бұл – қуанарлық жағдай. Мемлекет пен бизнестің ықпалдастығы арқылы көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тауып жатыр.

Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Осы орайда, Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб «бір терезе» қағидатына сай әрекет етіп, шешімдер қабылдап, өзіне жүктелген міндетті толық атқарып жатқанын атап өткен жөн.

Мемлекеттің инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы жұмысы жемісін беріп жатыр.

Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы инвестиция жөніндегі баяндамасын жариялады.

Онда Қазақстанның 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартқаны көрсетілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық.

Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде.

Мен бизнес өкілдерімен, инвесторлармен алдағы уақытта да кездесетін боламын. Олардың жасампаз бастамаларын қолдаймын. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардан да осыны, яғни бизнеске құлақ асып, онымен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді талап етемін. Бизнеске мүлде қысым көрсетілмеуі керек. Шенеуніктер мен күштік құрылымдардың қызметкерлерін мұндай әрекеттері үшін жазалап жатырмыз, алдағы уақытта да жауапкершілікке тартатын боламыз. Ал кәсіпкерлер алаяқтық жасамай, заң аясында жұмыс істеуге тиіс.

Қоғамда сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылады. Оған қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, шенеуніктердің ұсталғаны туралы түрлі ақпараттар елімізде жемқорлық өршіп тұрғандай әсер қалдырады. Шынымен де солай ма?

– Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу – аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр.

Ал шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсетеді.

Бірақ мұндай қадамсыз «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес.

Қазақстан мен Ресейдің арасында ежелден тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас орныққан. Былтыр қараша айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар біздің елде де, шетелде де жұрттың жіті назарында болды. Сондағы келіссөздердің нәтижесін қалай бағалайсыз?

– Ресей Президентімен өткізген келіссөздер аса мазмұнды болды. Біз сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқыладық.

Астанаға Ресей Үкіметі мүшелерінің жартысына жуығының келуі Ресей үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді.

Келіссөздердің нәтижесі туралы көп жазылды, көп айтылды. Әрине, біраз дүние ақпарат құралдарына шыққан жоқ. Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Бұл кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ әңгіме барысында халықаралық проблемалар бойынша өзара түсіністігіміз бекемделе түсті. Мен Қазақстанның көп жақты саясатының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық серіктестігімізді және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім.

Президент Путин – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның ерекшелігін және Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономикасы бар маңызды ел екенін жақсы түсінеді.

Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр.

Владимир Путиннің шетелге сапарының ең көбі біздің елге жасалғаны, яғни оның Қазақстанға 33 рет келгені де көп жайттан хабар береді.

Бұдан бөлек, біз телефон арқылы сөйлесеміз, халықаралық форумдар аясында кездесеміз. Бір сөзбен айтқанда, үнемі хабарласып отырамыз.

Мұның бәрі Қазақстанға да, Ресейге де қажет. Өйткені бұл екі ел басты рөл атқаратын Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек.

Сіз Атом энергетикасына қатысты референдум кезінде ақпарат құралдарының алдында сөз сөйлеп, атом электр стансасын салуға озық технологиясы бар шетел компаниялары тартылады дедіңіз. Халықаралық консорциум құрылатын болды. Үкімет қай компанияларға басымдық беретінін айқындады ма?

– Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде бұл мәселе де талқыланды. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы Консорциумда бас оператор болады деп уағдаластық.

Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр.

Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр.

Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін.

Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары өткен жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болды. Сондағы келіссөздердің басты нәтижесі қандай? Ақпарат құралдарында Төраға Си екеуіңіздің ел үкіметтеріне өзара сауда айналымын екі есе арттыру жөнінде міндет жүктегендеріңіз айтылды. Бұл қол жеткізуге болатын меже ме?

– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елді жақсы білетінін, қазақ халқына ілтипатпен қарайтынын атап өткен жөн. Біз екі жақты қарым-қатынасқа, өңірлік және халықаралық ахуалға қатысты барлық мәселені емен-жарқын талқыладық.

Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ. Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес.

Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз.

Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.

2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнатылды. Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр.

Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. Бұл мемлекет – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондай-ақ экономикамыздағы ең ірі инвестордың бірі.

Өзара сауда айналымын екі есе арттыруға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, екі ел басшыларының саяси ерік-жігері жеткілікті. Сондықтан аталған мақсатқа жетуге әбден болады.

Жоғары деңгейдегі диалог 2025 жылы да жалғасады. Төраға Си Цзиньпин «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр. Оның Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ биыл күзде Қытайда өтетін келіссөздер екі елдің сан салалы ықпалдастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін.

Сіз желтоқсанның басында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлестіңіз. Соңғы айларда сарапшылар оның Ақ үйге екінші рет келуі Американың саясатына және әлемдегі ахуалға қалай әсер ететініне қатысты түрлі пікір айтып жүр. Осы орайда қазақ-америка қатынасы таяу жылдарда қалай өрбиді деп ойлайсыз? Оған АҚШ-тың Қытаймен және Ресеймен күрделі қарым-қатынасы әсер етпей ме?

– Иә, Президент Дональд Трамппен мазмұнды әрі ашық әңгіме болды. Ол Қазақстанға АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айта аламын.

Біз жоғары деңгейде жұмыс бабындағы байланыста боламыз деп уағдаластық. Трамп және оның командасы халықаралық саясатқа жаңа көзқарастар орнықтырып, тың тәсілдер енгізумен айналысады. Мұның бәрі әлемдегі ахуалға ықпал етері анық.

Мен қазақ-америка қарым-қатынасын нығайтуға өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың ортасынан бері атсалысып келемін. Өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы отыз жылдан астам уақытта басымдықтарға, яғни сауда-экономика, инвестиция саласындағы ынтымақтастыққа, ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптасты. Ақ үйдің жаңа басшылығымен бірлесе атқарылатын жұмысқа да осы мәселелер арқау болады.

Телефонмен сөйлескенде Дональд Трамп Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуға қатысты біздің пікірімізді сұрады. Бұл – мен үшін тың тақырып емес.

Өйткені 2024 жылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген басшысы менен осы жөнінде сұраған болатын. Ерекше жағдай қалыптасып отыр: Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді, ал Украина Батыстағы одақтастарының көмегімен соғыста беріспей, тым болмағанда жеңіліп қалмаудан үміттеніп отыр.

Сондықтан бұл мәселенің айрықша күрделі екенін, оның шешімі қақтығысып жатқан екі ел басшыларының ерік-жігеріне және әлемдік держава көшбасшысы ретінде Трамптың өзіне де байланысты екенін айттым.

Қазақстан Украинада әскери іс-қимыл басталған сәттен-ақ бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін айтып келе жатқанын атап өттім.

Біз еш жерде ара ағайын атануға өзіміз сұранып, ұмтылмайтынымызды қадап айтуға тиіспін. Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз. Бірақ халықаралық мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуге әрдайым дайынбыз. Әрине, халықаралық аренадағы күрделі ахуал біздің белгілі бір елдермен сауда және саяси қарым-қатынасымызға салқынын тигізеді. Сондықтан біз сыртқы үрдістердің жағымсыз ықпалын азайтуға тырысамыз. Қазақстан мүдделі мемлекеттердің бәрімен өзара тиімді прагматикалық байланыс орнатуды көздейді.

Түркі елдері ынтымақтастығының аясы үздіксіз кеңейіп келеді. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде бауырлас елдердің байланысын бекемдеуге едәуір үлес қосты. Түркі әлемінің алдағы ықпалдастығы жолында Қазақстан қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?

– Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болды. Осы ұйымға мүше елдер – біздің көршілеріміз әрі маңызды геосаяси серіктестеріміз.

Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік. Бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнады. 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады.

Соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты.

Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Біз энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейтуді көздеп отырмыз.

Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді.

Сіз бұған дейін шетелдік сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанды орта держава деп атай бастағанын айттыңыз. Орта державалар қандай рөл атқарады және осы мәртебеге ие болған Қазақстан не істей алады?

– Мен бұған қатысты пікірімді ел ішінде де, шетелдерде де айттым. Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады.

Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды.

Осындай қиын халықаралық ахуалға көптеген мемлекет, соның ішінде Қазақстан да алаңдап отыр. Бұл – орынды алаңдаушылық. Себебі қалыптасқан жағдай ол елдердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік бермейді.

Бүгінде барынша әділ әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын.

Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін.

Биыл Ұлы Жеңістің мерейлі белесін атап өтеміз. Басқа да көптеген мемлекет сияқты, Қазақстан үшін де бұл датаның символдық мәні зор. Осыған орай қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?

– Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты.

Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды.

Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Жеңістің мерейлі белесін атап өтуге дайындалу қажеттігін айттым. Сол кезде жариялаған бастамаларым қазірдің өзінде жүзеге асты. Мысалы, «Айбын» орденінің үш дәрежесі әйгілі батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын болды. Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің 604-ші әуе базасына әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді. Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз.

Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды.

Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді.

Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады.

Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз.

Тағы бір өзекті мәселе бар. Соңғы кезде қазақ тілінің қолданылу аясы едәуір кеңейді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың саны көбейді. Бұл қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскенін білдіреді. Бұдан бөлек, шетелдіктердің де тілімізді үйренуге деген қызығушылығы күшейді. Қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды.

Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады.

Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды.

Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.

Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек.

Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.

Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді.

Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын.

Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек.

Сіз өз сөздеріңізде жастарға айрықша назар аударасыз. Қазақстан жастарының өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндігі бар. Оларға барлық жол ашық деуге болады. Кейбір жастардың құмар ойынға, есірткіге тәуелді болғанын немесе күні бойы еш мақсатсыз әлеуметтік желіде отырып, алтын уақытын босқа өткізіп жатқанын көргенде қынжыласың. Жас ұрпақты саяси жауапкершілігі жоғары әрі жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеу керек?

– Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында.

Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні.

Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін.

Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек.

Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын.

Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек.

Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін.

Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын.

Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын.

Жастарымыздың білім қуып немесе жұмыс іздеп шетелге шығуына қалай қарайсыз?

– Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн.

Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжиегін кеңейте алады.

Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз.

Жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар немесе басқа өңір, тіпті басқа ел болуы да мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымайды» деген сөз бар.

Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңызды миссияның бірі.

Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн.

Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау.

Сұхбат бергеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Бірақ айналып өте алмайтын тағы бір сұрағым бар. Сіз неге сұхбатты басқа ақпарат құралдарына емес, баспасөзге бергенді жөн көресіз?

– Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын.

Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді.

Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген.

Әрине, журналистермен әңгімелесуге өздері бастамашы болып, телеарна тілшілеріне құлшына сұхбат беретін және өздерін жаңалықтардан көргеніне мәз болып отыратын басшылар да бар. Әркімдікі өзіне жөн шығар.

Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді.

Биылғы 22 наурызда «Аna tili» газетінің жарыққа шыққанына 35 жыл толады. Алда келе жатқан мерейлі белестеріңіз құтты болсын! Осы уақытта газет жемісті жолдан өтті, өз ерекшелігі, тұрақты оқырманы бар белді әрі беделді басылымға айналды.

Бүгін біз ең өзекті деген бірталай мәселені ашық талқыладық деп ойлаймын. Жақсы сұхбат болды.

Әдетте осындай ауқымды сұхбатта мемлекеттің қызметіне қатысты мұқият ойластырылған әрі маңызды мәселелер айтылады. Өткен жылға қорытынды жасалып, осы жылдың бағыт-бағдары айқындалады.

Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады.

Әңгімелескен Ерлан ЖҮНІС