Роналду еңіреп жылады

0
311

Футболдан Португалия ұлттық құрамасының капитаны Криштиану Роналду Словенияға қарсы болған ойында пенальтиден гол соға алмай, XXI ғасырдың антирекордын орнатты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sofascore статистика агенттігінің Х желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше, 1 шілдеде Еуропа чемпионатының 1/8 финалы аясында Португалия мен Словения ұжымдары жолықты. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталғандықтан, командалар мәселені овертаймда шешпек болған.

Кездесудің 105-минутында төреші Словения қақпасына пенальти белгілеп, айып добын Роналду тепті. Алайда Ян Облак Криштианудың соққысын қайтарып, жанкүйерлеріне үміт сыйлады.

Десе де матч соңындағы пенальти сериясында Португалияның мерейі үстем болып, 3:0 есебімен жеңді. Осылайша Роналду XXI ғасырда үш бірдей ірі турнирде пенальтиден гол соға алмаған алғашқы еуропалық ойыншы атанды деп жазады Sofascore.

Нақты айтсақ, даңқты футболшы алғаш рет 2016 жылғы Еуропа чемпионатында (Аустрия) мүлт кетсе, екінші рет 2018 жылы әлем чемпионатында Иран қақпасына пенальти сала алмады. Енді Португалия құрамасы Еуропа чемпионатының ширек финалында Франциямен кездеседі.

Фото интернеттен алынды.