Сәкен Қалымов сахнаны сағынып жүргенін айтты

«Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен танымал Сәкен Жақсылықұлы келер жылы мерейлі 60 жасқа толады. Әнші алда оркестрмен жанды дауыста концерт беруді жоспарлап отыр. Ол Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұқбатында неліктен концерттерінде мүлде фонограмма қолданбайтынын айтты.
90-жылдары тыңдарман жүрегін талай хит әнімен жаулаған Сәкен Қалымов телеарнаға берген сұқбатында әншілік өнерге адалдығы туралы сөз қозғап, фонограмма туралы пікірін айтты.
«Менің өмірлік ұстанымым – адалдық, елге, көрерменге, сахнаға адалдық, Алланың алдында адалдық. Мысалы, мен ешқашан концерттерде фонограмма пайдаланбаймын. Неге деп сұрайды көп адам. Мен ұяламын. Алдауға ұяламын. Сонша ақшаға билет алып келіп отырған халыққа аузымды жыбырлатып, фонограммамен шығуға ұяламын. Ұятым жібермейді. Себебі мен осылай нәпақамды тауып отырмын», — деді Сәкен Қалымов.
Айта кетейік, келер жылы әнші мерейлі 60 жасқа толғалы отыр. Осыған орай тележүргізушілер әншінің концерт беруге қатысты жоспарын сұрады. Сәкен Қалымов өзі де сахнаны сағынып жүргенін айтты.
«Мен ол санға байланбаймын. Бірақ сахнаны сағынып жүрген жайым бар. Тек сағыныш емес, көрерменге айтарым бар, берерім бар, жаңа әндерім бар. 60 жасымда деп ойланбаппын, бірақ осы күзге қарай концерт берсем деп жүрмін», — деді әнші.