Саябаққа сотпен талас жүруде

0
112

Үлкен қалалық саябақта тегін ойын алаңдары қирап, ғасырлар бойғы емен ағаштары кесілген. Қазір әкімдік нысанды мемлекет меншігіне қайтару үшін күресіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта осыдан 25 жыл бұрын жекенің қолына өткен жасыл оазис үшін күрес жүріп жатыр.

«1999 жылы Шымкент әкімінің шешімі бойынша жалпы көлемі 3,9272 гектар жер телімі «ЧПКФ «Сапар» ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыруға 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген болатын.

Өкінішке қарай, бастапқы жоба орындалмай саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналды. Коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойғы емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар төселіп, уәде етілген балалар орталығы жасалмады. Тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар да қиратылды», — делінген хабарламада.

Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, азаматтардың наразылығын туғызғаны айтылды. Қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастаған. Себебі, 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі әлдеқашан аяқталған.

«Шымкенттің Бас жоспарына сәйкес Кең баба саябағының аумағы «жасыл аймақ» болып белгіленген. Алайда, сот процесі аяқталғанша, бюджет қаражатын қалаға тиесілі емес нысандарға жұмсауға болмайтындықтан, заң шеңберінде саябақты абаттандыру, көгалдандыру мүмкін болмады», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Кең баба саябағы ішінара мемлекет меншігіне қайтарылған.