Түркия Израильге соғыс ашпақ па?
Түркия президенті Режеп Ердоған 28 шілдеде Анкара палестиналықтарға көмектесу үшін Израильге кіруі мүмкін деп мәлімдеді. Ол бұған дейін Ливия мен мойындалмаған Таулы Қарабақтағы жағдайдағы Анкараның әрекетін еске салды. Бірақ Ердоған Түркияның нақты не істейтінін ашып айтқан жоқ деп жазды Reuters.
Бұған дейін Израильдің Газа секторындағы шабуылын қатты сынаған Ердоған Түркияның қорғаныс өнеркәсібін мақтағанда осы соғыс туралы айта бастады.
«Израиль Палестинада ақылға сыймайтын әрекеттерді істей алмауы үшін біз өте мықты болуымыз керек. Қарабаққа, Ливияға кіргеніміздей, оларға да солай істей алар едік», – деді Ердоған биліктегі «Әділет және даму партиясының» Ризе қаласында өткен отырысында.
Партия өкілдері Ердоғанның сөзіне байланысты қосымша ақпарат беру туралы өтінішке жауап берген жоқ.
2020 жылы Анкара өз әскерін БҰҰ мойындаған Ливияның Ұлттық келісім үкіметін қолдауға жіберген. Түркия Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы әскери операциясына өзінің қатысы барын жоққа шығарған.
Былтыр түрік билігі жақын одақтасын қолдауға құралдарының бәрін, соның ішінде әскерді дайындау мен модернизациялауға көмектесетінін айтқан деп хабарлады Reuters.
Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, ал 250-ден астам адамды ХАМАС Газа секторына күштеп алып кеткен. Бұған дейін Палестина әкімшілігі соғыс басталғалы Газада 39 мыңға жуық адам қаза тапты деген.
Газадағы қақтығыс кезінде Ливандағы «Хезболла» радикал тобы мен Израиль әскері шекарада бірін бірі атқылады.
27 шілдеде Голан жотасында Израиль бақылауындағы Мадждаль-Шамс қаласына ракета шабуылынан 12 адам опат болған, көбі – балалар мен жасөспірімдер. Израиль мұны «Хезболла» істеді деп айыптады. Топ шабуылға қатысын жоққа шығарды.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.