Түрме — радикалдардың ошағына айналып барады
Күні кеше Тәжікстанның Вахдат аймағындағы түрмесінде көтеріліс болды. Тәжік билігі «жазасын өтеушілер түрме күзетіне шабуыл жасап, қашпақ болды» деп ақпарат таратты. «Бунтты басу барысында түрменің үш күзетшісі жарақат алды және қылмыскерлердің үшеуі көз жұмды» дейді Душанбе.
Бір қарағанда бұл түрмедегі бунт іспеттес көрінеді. Алайда тәжік билігінің ресми ақпаратына ұқсамайтын өзге ақпараттар шығуда. Экстремизм тақырыбын зерттеп жүрген бірқатар сарапшылар түрмедегі бунттың негізгі себебі радикализм екенін айтуда.
Оның ішінде бас көтергендер ДАИШ (ИГИЛ) жақтастары болғанын жеткізді. Бунт барысында көз жұмған қылмыскерлер санының үшеу емес, жетеу екенін айтып, аты-жөнін жария етті. Сол күні түрме күзетінің басшысы болған Садраддин Х. есімді азамат өлтірілген деген дерек бар.
Тіпті оқиғаның фотоларын да жариялады. Жарияланған фотоларға назар аударсақ, көз жұмғандардың әлдеқайда көп екенін көруге болады. Көз жұмғандардың бірінің бас киімінде ДАИШ (ИГИЛ) белгісі бар.
Дәл осы түрмеде 2019 жылы бунт болып, 29 адам көз жұмды. Тәжік билігі ол сәтте радикалдар бас көтерді деп мәлімдеді, ал ДАИШ «бунтты жасаған бізбіз» деген ақпарат таратты.
Жалпы экстремистік ұйымдар үшін түрме рекрутинг жасауға арналған ошақ саналады. Ұзақ жылдар бойы бір камерада отыру, 24/7 режимінде насихат жүргізу адамдарға түрлі идеяны сіңіру мүмкіндігін туындатады.
Әлемдегі абақтылардың көбі радикалдардың ошағына айналып кеткені қашан. Бұл көрініс Қазақстанда да бар деп ойлаймын.
Мысалы өткен жылдың қараша айында Қазақстан түрмелерінде көтеріліс жасап, бунт шығарып, теракт ұйымдастыруды ойлаған 10 адам ұсталды.
Олар түрмеде отырып радикалды идеяларды таратып, террорлық әрекет жасау керектігін айтқан. Бұл бір ғана мысал. Қауіпті мысал…
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.