Тылсым дүние: Аруақтармен алысқан тергеушінің құпия сыры

0
1070

Құдайдан келген қасиетті ұстаудың уақыты келді ме, Әруақтар ештеңеге қарамайды екен. Бұған көз анық жетті.

Сен беделді адамсың ба, танымал жансың ба, елден ұялып қасиетті ұстағың келмей ме — Әруақтарға бәрібір. Бәрібір айналдырып, сілкіп әкеліп осы жолға түсіреді. Тым қарсылық танытып жатсаң, ауыр ситуациямен түсіндірулеріне тура келеді.

Келесі кейіпкер де ер адам. Бұл кісі көп жыл қылмыстық полицейде тергеуші болып қызмет еткен жан.

Уақыт өте келе алдында жазған кейіпкеріміз секілді бұ кісі де белгісіз аурумен ауыра бастайды. Бас ауруы қатты мазалап, көздері зобпен ауыратын адамдыкындей өз-өзінен сыртқа бадырая шығып кеткен соң, жанталасып бармаған дәрігері қалмайды. Алайда дәрігері де, дәрі де көмек бермейді.

Содан Ақтауда тұратын қасиеті бар бір кісіге барады. “37 жасыңда ұстау керек қасиетің бар. Қазір сол оянып жатыр” дейді барған емшісі. Бірақ ағамыз ақтаулық емшінің сөзін онша елемейді.

Бұл кезде Жоғарғы әлем бірінші белгі жіберді… Елемеген соң келесі ескерту сәл қаталдау жүріпті.

Тергеуші болып істейтін бұ кісі “крышасы” жоғары жақта отырған бір адамның үстінен қылмыстық іс қозғайды. Алайда мықтының аты мықты, “көкесі” бар кісінің өзі мұның соңынан түсіп, қысқасы, жұмысынан шығарғаны аздай, тіпті қылмыстық іс қозғатып жібереді (Әруақтар істетіп отыр) .

Қылмыстық іс енді қозғалып жатқанда, бұ кісіге қасиет қонады.

Адамдардың қай жері ауырады, сезетін болады. Түсіне Арыстан баб, Бәйдібек баба, Абылай хан аталар кіріп, қасиет жолын ұстау керегін айтып аян береді.

Уақыт өте келе адам емдей бастайды. Емдеген кезде әруақтар бұ кісі арқылы Жоғарғы әлемнің тілімен сөйлеп, арнайы “код” сөздермен емдей бастайды. Код сөздерді айтқанда, келген адамның бойындағы қара күштер (жындар) жоқ болып тазарып отырады.

Неше жыл мемлекеттік қызметте істеген ағамыздың тағдыры осылай аяқ асты 180 градусқа өзгереді.

Бір Құдіреттің қалауымен қасиет қонғанын біледі, алайда емдеген, ұшықтаған, тазалаған кезде өзі арқылы сөйлейтін “құпия тілдің” мәнін еш түсінбейді.

Дінді ұстанған адамдардың бәріне барып “Бұл не тіл? Аудармасы не?” деп сұрайды, олар қайдан білсін, “Жын емес пе сөйлеп жатқан?” деген тар сананың әңгімесінен әріге аса алмайды.

Әрі қарай қызық, сот шешімі шығып бұл кісі қамалады. Бәрі жоғарының жоспарымен екенін осы жерден-ақ білуге болады.

Түрмеген түскен күннен бастап Әруақтар жетелеп жүреді. Темір торда отырған аз уақытта Әруақтар түсіне еніп, кітап жазу керек екенін айтады. Сөйтіп, ағамыз әлемде жоқ Жоғары өлшемнің тілімен аян алып, кітап жазады. Бірақ кітапта не жазылған, әрі не үшін жазуы керек болды, айтпайды. Оны өзі де, өзге де білмейді.

Түрмеде отырған аз уақытта қасиеті одан әрі ашылып, түрмеде отырғандарды емдеп тазалайды. Түрмедегілер қабырғада ілінген ұятты суреттердің бәрін алып тастап түзеле бастайды.

Жаратқанның құдіретімен, бұл кісінің ісін қараған тергеушілер де беті бері қараған жандар болады.

Санаулы уақыттан соң амнистияға ілігіп, ағамыз мерзімінен бұрын босап шығады.

Түрмеде еш азап, қорлық көрмей, керісінше қасиеті бойына толық қонған нағыз дәруіш болып бостандыққа шығады.

Ер адамдардың логикасы мықты ғой, бір құдіретке сенуі қиын, ал сенсе, өлсе де артқа шегінбейді. Қайта әйел адамдары эмоцияға берілгіш келеді, сәл қасиеті ашылса “ах-ох” дейді де, кішкене сынақ болса бітті, “Мен адасып жүрген шығармын, мені түнектер азғырып жүрген болар” деп бәрін жоққа шығара салады.

Сөйтіп, Әруақтардың бұл кісіні түрмеге тоғытқан себебі, біріншіден, күйбіңі мен қызыл-жасыл қызығы мен шыжығы көп мына өмірден жырақ алып шығып, оңашаландыру керек болды;

Екіншіден, қасиетін толық мойындап, қабылдауы үшін кітапты жазғызу керек болды (Кітаптың өз миссиясы бар).

Бостандықта жүрсе отбасы, достары кедергі келтіріп, “қуып кеттіңнің” астына алар еді.

Бұрын сауық кештің гүлі болған, қай жерде той-томалақ, жүз грамм бар, сол жерде жүретін ағамыз бостандыққа шыққан соң ондай жерге жолай алмай қалады.

Бірде “Ішпесем де жәй отырармын” деп барған бұл, достарына серік болып жәй рюмка соғыстырып жатқанда, әппақ сақалы бар бір абыз атаның сұлбасы келіп, қолынан қамшымен салып қалады. Рөмке жерге түсіп, парша-паршасы шығады.

Содан бұл кісі де, достары да шошып, достары екінші ондай кешке шақыруды қояды.

Осылай арада 20 жыл өтеді. Емдеуі керек жандарды Әруақтар өздері алып келеді. Қай жерге, қай атаның басына барып түнеуі керек, аян арқылы ақпарат алады да, жолға шығып кете беретін болды.

Басында “Жынданып кетті”, “Жындыханаға қарату керек” деген туыстары бара-бара қасиетін мойындайды.

Бірақ бұл ағамыз емдеген кезде өзі арқылы сөйлейтін Жоғары әлемнің тілін со күйі түсінбейді.

…2023 жыл. Аяқ асты тылсымның құпиясы ашылып, қасиетімізді ашып жіберіп, елдің бәрі не болып кеткенін түсінбей шулап жатқан кез.

Жоғары әлемнен “Үшінші күні ер адам хабарласады. Кітап береді. Қабылдауың керек. Бірақ ол кісімен Атырауда жолығуың тиіс” деген ақпарат аламын.

Расында, үшінші күні бір ер адам хабарласып, бүкіл өмірін айтып, құпия тілде жазылған кітабы барын, әрі ешкім ұқпайтын тілде сөйлеп емдейтінін жеткізді.

Өзім де іссапармен Атырауға бара жатқан едім.

Солай ол кісімен Атырауда жолықтық. Жанымда Құдайдың құдіретімен аяқ астынан қасиеті ашылған қыз болды.

Бір уақытта Жасы 60-қа жақындаған, ылдам-жылдам қимылдайтын ер ағасы кіріп келді.

Амандасты, сосын дәлізде тұрған тақтаға түсініксіз тілде бір “әріп” жазып кетті де, жоғарғы қабаттағы бөлмеге өтті.

Жазуды көрген жанымдағы қыздың көзі бақырайып: “Жанат тәте, мына сөздің аудармасы: Жаратушыдан жолдама аласыңдар” деп аударылады” деді сасқалақтап.

Сөйтіп, жаңағы кісі отырған бөлмеге өтеміз.

“Қолыңда алтын қалам бар” деп ағамыз маған қарап күлді.

Кітабы қандай, қандай тілде сөйлейді, сұрай бастадық. Ол кісі өз тілінде сөйледі (ондай тіл жерде жоқ. Ежелгі үндістер тіліне сәл ұқсас екен). Сол-ақ екен, жанымдағы қыздың қолы өз-өзінен: “Өзім жетелеймін, өзім жол көрсетемін , өзім бағыт беремін.

Сарқырап жатқан ағынды игере алатындарыңа сенімдімін,

Жүректеріңе күннің жылуын бітіріп, тәндерің мен бойларыңды жылытып, бұл жылулықты жаһанға сыйлай алатындарыңа сенімдімін. Жаратушы” деп жазады.

Оны көрген бәріміз аң-таң болып, не дерімізді білмей үнсіз қалдық.

Ал аға сөзін жалғастыра берді.

Біз түсініп со бойда аударып отырмыз.

Ал Әруақтардың әлемде жоқ “белгісіз” әріппен түрмеде жазғызған кітабы, бізге өз әрпімізде көрінеді. О, Құдірет…

Сонда бұл кісіге тілін аударатын жандар жолығуы үшін 25 жылдай күтуі керек болған.

Қазіргі күні туған жері қасиетті Түркістанда тұрады, сол жерде әруақтар өздері жетелеп апарған адамдарды тылсым тілімен емдеп, қай елге, қалаға баруы керек, аянмен ақпарат алады да жүре береді. Таң намазын қаза қылмайтын нағыз дәруіш. Тылсымнан ақпарат алып, адамдардың бойындағы қара күштерді код сөздермен тазалайды.

Әруақтар да бізге айтары болса, тылсымнан беретін ақпаратты осы кісінің тілінде жеткізеді,

Жанат БАҚЫТ, медиум.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.