Жасанды интеллектінің оқкшыға берер пайдасы бар ма?

0
118

Жасанды интеллект дейміз ғой… Бірақ оқушыларға білім берудің ең дұрыс әдісі — кеңістікте ойлау қабілетін дамыту.

Иә, жасанды интеллект құралдары жақсы. Әсіресе, қазіргі визуалға әбден үйренген балалардың ақпарат қабылдауын жеңілдетеді.

Сабақ оқығанда, үйреткенде бәлкім қарым-қатынасты, өзара байланысты жақсартар.

Дегенмен, оның түбі, жалпы, бала тек визуал көрініске қана құлай бейімделуге апарады. Көзімен көрмесе, ештеңе ұқпайтын деңгейге жетеді.

Оның жарқын мысалы, тек теледидар (ютуб, әлеуметтік желілер, тағысын-тағы) көріп өскен бала мен тек кітап оқып өскен бала. Қайсысында фантазия мен қиял һәм тереңірек ойлау қабілеті көбірек болатынын біліп отырған шығарсыз?

Тағы бір мысал. Қазіргі балалар деген цифрлық сағатты ғана біледі. Иә, тез қарайды. Тез біледі. 13:45 деген ол 2-ге 15 минут қалды деген сөз. Ал аналог сағатты үйренген баланың қабілеті мүлдем басқа деңгейде болады.

Мәселен, балаңызға кеңістікте ойлау қабілетін үйреткенде қазақшалап “Сол жақ шекеңді қара”, “Иегіңнің астында” немесе кинодағы әскерилер сияқты “Сағат он тұсыңды қара”, “Сағат алтыны барлап жібер” деп үйретсең, ол 360 градус навигацияны тез жасай алатын болады. Цифрлық сағатпен өскен бала осы сәтте “Сағат 10-ы нес?” деп алақтап қалары сөзсіз…

Қазір мен ұлдарыма кейде күштеп, кейде алдап, кейде қызықтырып әртүрлі кітаптар оқытып жүрмін. Иә, оңай емес. Иә, 6-сыныпта ауылдың кітапханасын тауысқан өзім сияқты емес.

Дегенмен, цифрлы технология мен жасанды интеллект — жеке-дара ұшпаққа шығарар дүние емес. Бар болғаны — келесі бір құрал. Ең бастысы — балаларымыздың кең, терең, көкжиегін барлап ойлай алуы.

Ал оны дамытудың әртүрлі тақырыптағы кітап оқудан басқа жолын білмейді екем…

Тимур БЕКТҰР, ІТ маманы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.