Желтоқсан — 1986: “Азаптап өлтіріп, сүйегін ата-анасына әкеп берді”
Биыл Желтоқсан көтерілісінің болғанына 38 жыл толды. Желтоқсаншылар Stan.kz тілшісіне бүгінгі халі қалай екенін айтып берді.Олардың сөзінше, бірі басынан жарақат алса, екіншісі суық тигізіп баласын бірнеше рет түсіріп алған.
“Милицияның күрекпен ұрғаны есімде”
Санатбек Мамырбаев енді ғана «желтоқсаншы» деген қағаз алады. Себебі бүгінге дейін ақталмағандардың тізімінде болды. Ол 16 және 17 желтоқсанда көппен бірге алаңға шығады.
Осы күні Санатбекті сол кездегі құзырлы орган өкілдері басын күрекпен ұрып, бір құлатады. Санатбек есін жинаса, қан жоса болып көліктің ішінде жатқанын көреді.
“Желтоқсанның оқиғасы кезінде Алматыдағы Теміржол институтының 3-курсында «Механика» факультетінде білім алдым. 16 желтоқанда топтағы 3-4 жігіт болып, алаңға қарай бет алдық. Қатты текетірес келесі күні ымырт ауғанда басталды. Сол жердегі жастарға қосылайық десек жолдың бәрін жауып тастаған. Амалын тауып қазіргі Желтоқсан (бұрынғы Мира) көшесімен 20-дан аса жігіт айналып бардық. Осы сәтте милициялар, солдаттар итпен бірге бізге қарай жүгірді. Есімді жинасам автобустың ішінде жатырмын. Милицияның күрекпен ұрғаны есімде қалыпты. Байқасам, бәрімізді бір-біріміздің үстіне нығыздап тығып тастаған. Еміс-еміс есіме түскені сол кезде бізді Шаңырақ жаққа апарып тастаған секілді», – деді Санатбек Мамырбаев.
Санатбек Мамырбаев алаңда бұрынғы президент Назарбаевтың болғанын және қызу қақтығысты басуға тырысқанын айтады. Бірақ оның орыс тілінде басу айтып, сөйлеген кезі көп жастардың ашуын туғызған.
Күректен қалған жарақаттың кесірін әлі күнге дейін зардабын тартып келе жатқанын айтады. Бас-сүйегінің сол жақ бөлігінде қалған тыртық, неврологиялық аурудан кейінгі қолдың дірілдеуі, құлақтың нашар естуі және қан диабеті секілді аурулар мазалайды.
Санатбек Мамырбаевтың айтуынша, тек 38 жылдан кейін ол ақталып, желтоқсаншы болмақ.
«Біреуге Желтоқсанға қатыстық» деп айтуға қорқатынбыз. Оның үстіне университеттегі оқытушылардың бәрі: неміс, еврей, орыс және тағы басқа ұлт өкілдері болды. Ақталу үшін 5 рет арыз жаздым. Екеуін прокуратура, үшеуін Жоғары сотқа жібердім. Міне, соңғы сотта шешім шығарып, мені ақтап отыр», – деді Санатбек Мамырбаев.
“Жындыханаға апарып тастаған”
Ұлбала Тілеуқызы, әу баста, бейбіт митинг болады деп ойлаған. Жолдасы екеуі ұлт мүддесін қорғауға шығады. Алайда оның күйеуін бірнеше жылға соттатып жібереді.
Қиын кезеңге қарамастан Ұлбала түрмеде отырған жарына тамақ тасып, жан бағады. Алайда әйел қазір табанынан сыз өтіп, буын ауруларын асқындырып алған.
“Көтерілісте жастарды ұрып, тепкінің астына салып жатқанда, қаның қайнап кетеді екен. Өрт сөндіру көлігімен үстімізге су шашқанына қарамастан төтеп беруге тырыстық. Басында бізді қоршап алып, шығармай қойды. Сәл басылғаннан кейін үйге қайтыңдар деген дауыс естілді. Шинель киген әскериден қашып бара жатқанда екі рет құлап түстім. Сонда біріншісінде етігімнің табаны түсіп, мұзға тайып түсіп құладым. Екінші рет шыршаның түбіне барып құладым. Соның салдары әлі күнге дейін білінеді. Күйеуім түрмеден шыққаннан кейін де бала жоспарлау өте қиын болды. көтерген балаларым 5-6 айға жетпей түсіп қала берді. Содан кейін ауыр ота жасауға тура келді. Дегенмен қазір көз көріп жүрген балаларымызға Аллаға шүкір дейміз”, – деді Ұлбала Тілеуқызы.
Ұлбала Тілеуқызы өзімен құрдас тарих факультетінің 2-курсында оқитын қыздың қалай жындыханаға түскенін айтып берді.
“Сол қыздың жындыханаға түсіп кеткенін артынан естідік. Бәріміз таңғалдық. Қыз таяқ жеген соң, уақытша ұстау мекемесіне түскен. Шындықты айтпай, бүгіп қалғаннан кейін оны жындыханаға апарып тастаған. Әкесі кейін қызын тауып, әкетті дегенді естідік. Одан кейін бұл оқиға кітап және басылым беттеріне шықты”, – деді Ұлбала Тілеуқызы.
“Азаптап өлтіріп, сүйегін ата-анасына әкеп берді”
1986 жылы Сафура Паритқызы екі баланың анасы және балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істеп жүрген еді. Сол жылы 17 желтоқсанда балабақшаға келген өзге ұлт өкілдері көтеріліс туралы өзара әңгіме-дүкен құрып жатыпты.
Олар қазақтарды жала жауып айыптап, «қазақтар балабақшаларды қиратып, өртеп жатыр» деген қауесет таратқан. Сафура бұл сөздерге сенбеген. Бірақ осы әңгіменің үстінде әлдебір әйелдің «Если не нашли нормального казаха» деген сөзі оның намысына қатты тиді.
Жұмыс уақытын әрең аяқтаған Сафура, үйге келген соң жолдасымен бұл жағдайды талқылады. Күйеуі де болған оқиғалардан бейжай қалмай, алаңға баруға бел буған. Аяғы гипстеулі болса да, ерлі-зайыптылар ел арасындағы әңгімелердің растығына көз жеткізу үшін алаңға бірге бет алды.
“Алаңға келген кезде олар қақтығыстың қызу үстінен түсіп, тәртіп сақшыларының жастарға қарсы әрекеттерін көрдік. Қауіптің күшейіп бара жатқанын сезген тәртіп сақшылары бізге үйге қайтуды талап етті. Жолдасым екеуіміз амалсыз қайтуға мәжбүр болдық. Бірақ алаңда көрген нәрселер біздің жанымызды ауыртты. Ертесі күні жұмысқа келгенде басшылықтан қатаң сөгіс алдым. Сәл болмағанда, жұмыстан шығып қала жаздадым. Сол кезде орыстардың арасында екі қазақ қана жұмыс істейтін едік”, – деді Сафура Паритқызы.
Сафура Паритқызы оралдық таныс құрбысы бастапқыда белгісіз аурумен қайтыс болғанын біледі. Құрбысының денесін әке-шешесіне мүрдемен алып барады екен.
“Былтыр ғана архивтерден осы туралы толық мәлімет табылды. Құрбымның денесін мүрдеге салып, ата-анасына алып барған. Алайда оны аштырмай қойған. Әке-шешесі ең болмаса 17 жастаға қыздарының жүзін бір көрейін, бір сүйейін десе де рұқсат бермеген. Сол жердегі жергілікті полицейлердің өзі аштырмаған. Ақыр соңында үлкендер болмай мүрдені ашып қалады. Әкесі баласының маңдайынан сүйейін десе, басының, сүйегінің ар жағында ешнәрсе жоқ екен. Денесінде тек сүйек қалған. Анықтай келгенде үрімдей қыз өз өлімімен қайтыс болмаған. Архивтерде оны азап өлтірілді деп дерек келтірілген. Сонда әке-шешесі рұқсатсыз мүрдені ашқаны үшін қудалауға ұшырады”, – деді көзі жас алған Сафура Паритқызы.
“Табиғатында болмаған жағдайларға ұлттың қарсылығы”
Ал Бақыт Байназаров сол уақытта оқудан шығарылып, қудалауға түскендердің бірі екенін атап өтті. Ақталғанына көпте болмаған ол денсаулығы күрт нашарлағанын жеткізді.
Қазір ер адам үкіметтен 16 желтоқсан қарсаңында бір реттік әлеуметтік жәрдемақы, яғни 250 мың теңге алатынын айтты.
“Оқудан мәжбүрлі түрде шығарылып, одан бірнеше уақыт өтсе де олар қыр-соңымнан қалмады. Қызылорда облысындағы туып өскен жерім Қазалыға да мені іздеп барды. КГБД өкілі келіп, анкета толтыруымды сұрады. Ашуға беріліп, “уақытша ұстау мекемесінде отырғанда бәрін айтып берген жоқпын ба” деп айғайлап жібердім. Анкетада елден шықпау керек екені жазылды. Сонымен бірге қандай тіл білетінім туралы сұралып, басқа да сұрақтарға жауап беруімді талап етті. Қол қойғаннан олар да көзге көрінбей кетті. Алаңға шыққаннан кейін қатты бас жарақатын алдым. Әскерилердің арматурасы дәл орталық миды байланыстырып тұратын жерге тиген екен. Дәрігерлер бұған ота жасай алмайтындарын айтып, көңіл күйді түсірді”, – деді Бақыт Байназаров.
Бақыт Байназаровтың сөзінше, оған дәрігерлер венозды ангиома (бұл мидың немесе жұлынның қан тамырларындағы даму ақауы) деген диагноз қойыпты. Себебі ми орталығында қан ұйып, жиналып қалған екен.
“Содан бері осы аурумен ауыратындардың тізімінде тұрмын. Мұны емдеу үшін жылына екі рет госпитальға жатқызыламын. Шынымды айтқанда, ем қонбай жатыр. Желтоқсан тән жарасын емес, жан жарасында қалдырды. Бұл күн мен үшін қаралы күн. Бұл күні жастар ділі, тілі, ар-намысы, ұлттық жігерді сақтап қалу үшін алаңға шықты. Бұл табиғатында болмаған жағдайларға ұлттың қарсылығы”, – деді Бақыт Байназаров.