Әнші Тамара Асар Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ақынның өлеңін оқып, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Алайда өнер иесінің өлең оқу мәнері желі қолданушыларының біразына ұнамай, жазба астында түрлі пікір айтылды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Тамара Асар Instagram парақшасындағы жазбасында:
«Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні, құтты болсын! Абай мұрасы — ұрпаққа жол көрсететін рухани қазына!» – деп жазған.
Әнші видеода Абай өлеңін баяу әрі мәнерлеп оқиды. Алайда көпшіліктің назарын өлеңнің мазмұнынан гөрі Тамара Асардың оқу мәнері аударған.
Желі қолданушыларының бірі:
«Шіркін-ай, осылай халықтың мұң-мұқтажын да айтып тастаса ғой. Мәнерлеп тұрып», – деп жазған.
Тағы бір оқырман әншінің өлеңді тым созып, баяу оқуына қатысты:
«Түуф, сонша не болды сызылып», – деген пікір қалдырған.
Ал келесі пікір саяси астардағы қалжыңға ұласқан:
«Депутаттыққа болмайды, барлығы ұйықтап қалады».
Бұл пікірді қолдағандар да табылған. Бір қолданушы «Точно» деп жауап берсе, енді бірі:
«Өзі де анау... сияқты ұйықтап отырар», – деп мысқылдаған.
«Бұл өлеңді бұлай сызылып айтуға болмайды»
Пікірлер арасындағы ең мазмұнды сындардың бірі өлең оқу техникасына қатысты болды. Желі қолданушысы Абай өлеңдерінің кейбірін баяу, нәзік интонациямен емес, керісінше өткір әрі ішкі қуатпен жеткізу керек деген ойын білдірген.
Ол бала кезінен Абай өлеңдерін жаттап, байқауларға қатысқанын айтып:
«Бұл өлең жолдарын сызылып айтуға келмейді ғой... Қаталдық пен өткірлік керек. Жұдырықты түйіп тұрып, күйінішпен айтып тұратын едік», – деп жазды.
Яғни сын айтқандардың бір бөлігі Тамара Асардың Абайды оқуына емес, Абай поэзиясының интонациялық табиғаты мен әншінің орындау мәнерінің үйлеспегеніне назар аударған.
«Саясаттан не іздедің?»
Пікірлердің арасында Тамара Асардың бұған дейінгі қоғамдық-саяси белсенділігіне қатысты ишаралар да кездеседі.
Бір қолданушы қысқа ғана:
«Политикадан не іздедің?» – деп жазған.
Тағы бір пікір иесі әншінің өнер саласында қалғанын қалайтынын білдіріп:
«Жаратқан сізге өнерді берген екен, осы салада жүре берсеңіз, сізді қатты сыйлаймын», – деген.
Бұл пікірлердің өзі видеоны талқылау тек Абай өлеңін оқу төңірегінде қалмай, Тамара Асардың қоғамдық бейнесіне де ауысқанын көрсетеді.
Дегенмен әншіні қолдағандар да бар.
«Тамара ханым, алға! Қолдаймын!», «Тамара, алға, сен бәріне лайықтысың» деген жылы пікірлер қалдырылған. Кейбір желі қолданушылары оның орындауын ұнатып, қошемет белгілерін жазған.
Мәселе Абайда емес, оны қалай оқуда ма?
Бұл жолғы пікірталастың бір ерекшелігі бар. Желі қолданушылары Тамара Асардың Абай шығармасын дәріптеуіне қарсылық білдіріп отырған жоқ. Керісінше, сынның басым бөлігі поэзияны жеткізу тәсіліне қатысты.
Абай өлеңдерінің табиғаты біркелкі емес. Лирикалық өлеңдерінде байыпты, сыршыл интонация қажет болса, әлеуметтік сынға, надандыққа, жалқаулыққа, ел мінезіне арналған шығармаларында өткірлік пен ішкі екпін маңызды.
Сондықтан әлеуметтік желідегі «баяу оқыды», «тым сызылды», «өткірлік жетіспеді» деген сындарды жай ғана мазақ деп қабылдау да біржақты болар еді. Оның астарында Абай поэзиясының қалай оқылуы керектігі жөніндегі оқырманның қалыптасқан эстетикалық талғамы да жатыр.
Ал Тамара Асар әзірге парақшасындағы бұл сындарға жауап берген жоқ.