Танымал продюсер Серік Аббас Шах әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі актер Әнуар Боранбаевтың естелігімен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
"Мен барымды толық бере алмаған, толық ашыла алмаған жанмын. Әттең, нағыз жарқырар тұсымда тағдырдың тәлкегіне ұшырадым.
Киноға түстім, театрда басты рөлдерді ойнадым. Кенет аяғымды тізеден жоғары кесіп тастап, мүгедек атандым. Бұдан үлкен трагедия бар ма?
Аяғымның ауыра бастағанын 1986 жылдан бастап сезіне бастадым. Бірақ емделуге уақыт болмады.
Ауруханаға жатудың орнына театрдағы дайындықтан кейін, күнкөріс қамымен радиоға жүгірдім. Сүйтіп уақытын өткізіп алдым. Ақыры 1993 жылы
бір аяқты беріп тындым.
Жарты жылдан кейін балдаққа сүйеніп театрға оралдым. Екі аяғы сал болып қалған Кененбай Қожабеков те «Қыз Жібек», «Қасқырлар апаны», «Гауһартас» сияқты фильмдерде қалай өзін көрсете білді. Мен одан кеммін бе, деген көңілімде жігер бітті.
Ағынға қарсы жүзуге ұмтылдым. Бірақ басты рөлдерде ойнау мүмкін болмады. Тек қосалқы көріністерде ғана көрінуге тура келді. Мен барымды толық бере алмаған актермін.
Өз тағдырыма ұқсас рөлде ойнасам деп едім...
Сыр иесі (марқұм) Әнуар Боранбаев
(актер, 1948 - 1999 ж)"