"Әйелдер құтырды" деген ақынға Жұлдыз Әбділда сөзбен сойып тұрып жауап берді

"Әйелдер құтырды" деген ақынға Жұлдыз Әбділда сөзбен сойып тұрып жауап берді
Журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында ақын Бақыт Беделхан әйелдерге қатысты ауыр сөз айтып, сынға қалды. Ақынның сол сөздеріне қатысты танымал  журналист Жұлдыз Әбділда жауап пікір жолдады деп жазады Democrat.kz.
 
"Ешбір қыз "байға тиіп, байымның басына шығып алайын" демейді. Ешбір қыз күйеуге ажырасып кетемін деп тимейді. Кез келген қыз бала үлкен үмітпен тұрмысқа шығады.
 
Осы таңдаған адамыммен бақытты да баянды ғұмыр кешемін, дүниеге ұрпақ әкелемін, таңдаған жарыммен өмірдің қызығы мен қиындығын бірге өткеремін деп бастайды жаңа өмірді.
 
Бірақ біз әртүрліміз, өмір болғаннан кейін түрлі жағдай болады, кейде ойламаған жерден, ал кейде амалсыздан ажырасуға тура келеді. Бұл арада анау кінәлі, мынау кінәлі деу қиын.
 
Ажырасудың біз білетін себебі "құтырған қатын" болса, білмейтін мың-сан себебі бар. Оның ішінде міндетті түрде ұрып-соғу, басын жарып көзін шығару емес, лудомания, нашақорлық сияқты себептер де бар.
 
Біздің қоғам ажырасқан әйелге екінші сортты деп қарайды да, ажырасқан еркекке "саған қатын табылады!" деп дем береді. Ол бір жүрген берекесіз, тірі жанға пайдасы жоқ лақпа болса да.
 
Шиеттей бала-шағасына алимент төлемейтін, кіндігінен жаралған балаларын бір іздемейтін еркекке ештеңе демейді де, балаларын сүйрелеп/тістелеп жүріп өсіріп-жетілдірген әйелді "құтырған қатын" дейді.
 
Әйел құтырайын деп құтырмайды. Амалы қалмағаннан, өзінен басқа сенері де, сүйенері де болмағаннан "құтырады".
 
Менің айналамда күйеуге тигеннен кейін шын ниетімен "тастай батып, судай сіңгісі" келген, сол жолда тіпті құрбандыққа барған әйелдер бар. Барған жеріне барынша сіңіп, сол әулеттің отымен кіріп, күлімен шығып, сонысына бір ауыз рахмет естімеген әйелдер бар.
 
"Е-е, далақтап жүргенде естіген рахметім қані, оданша өзім үшін, балаларым үшін өмір сүрейін" деп шешсе, дереу ол "құтырған қатын", "қара басын ойлаған эгоист" болып шыға келеді.
 
Неге біз жай ғана Адамға Адам деп қарай алмаймыз? Әлде әйелдерді қолдан жаратып алып па едіңдер? Үйде өз қыздарыңды "құтырмай жүр", "байыңнан таяқ жесең де көн, әйтпесе дәстүріміз қайда қалады?" деп тәрбиелеймін десеңдер, өздерің білерсіңдер.
 
Бірақ жалпы көпшілікке олай сөйлейтін құқықты кім берді?!
 
Әркім өзінің орнын білсін, жөнін білсін, басқада шаруасы болмасын. Шынымен де "тоқшылықтан семіріп", не істерін білмей жүргендер болса, оны өзінің санасынан көрсін. Сол үшін бүкіл әйел қауымын апарып тастаудың қажеті жоқдеп жазды Жұлдыз Әбділда.
 
Барлық жаңалықтар