Қазақтың танымал ақыны Бауыржан Халиолла біраз уақыт бұрын Жүрсін Ерман екеуінің арасында болған смс айтысқа қатысты шындықты айтып, әлеуметтік желіде жартылай тараған сол жазбалардың толық нұсқасын жариялады деп жазады Democrat.kz.
Бауыржан Халиолла әлеуметтік желідегі парақшасында "Екеуара елеусіз хат еді" деп:
"Мына бір смс-жауаптасуымыз әр жері бір жұлмаланып желіні шарлап жүр екен. Анығын өзім жазайыншы...
2011жылы Жүрсін Ерман ағамыз Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған мүшайраның бас жүлдесін жеңіп алып, темір тұлпар тақымдады.
Таң азанда Бекарыс Шойбеков ағам звондап "Ұстазыңды құттықтап қой. Көлікте радиодан естіп келе жатырмын" деп сүйіншіледі.
Содан Жүкеңнің телефонына:
"Мақатаев, жазмыш па, әлде бұйрық па?
Құтты болсын, қымызыңды құй жұртқа.
Бізде ертең жүреміз-ау таласып,
Жүрсін Ерман атындағы сыйлыққа" деп құттықтау-хат жаздым да ұйықтап кеттім.
Бірер сағаттан соң оянсам, Жүкеңнен жауап келіпті.
"Ғұмырында сабындай-ақ қамшының,
Өз биігін білу керек әр шыбын.
Жүрсін Ерман атындағы сыйлықты,
Алқаштардың алуына қарсымын" депті.
Ол кезде "сілтейтініміз" бар. Соның алдында ғана бір айтыста көзге түсіп, шалды қатты ренжіткенмін. Соған кейігені ғой. Мен де бір жағынан күліп, бір жағынан ашуланып:
"Мен өзіңнен үйреніп ем ұрттауды,
Содан кейін жақпай қойдым жұртқа әлгі.
Қайран ғана қасиетті өмірім,
Қайдан ұстаз қылдың маған қырттарды.
Маған айтар соңғы сөзің болды ма?
Енді алдыңда ұстамаспын домбыра,
Бір алқаштың алып тұрып сыйлығын,
Бір алқашты табалауың зор күнә..." деп айдап жібердім.
Бұл бір екеуара елеусіз хат еді. Жүкең өзі со кезде "Жас Алашқа" көлдей бір мақала жазғанда жұртқа жариялап жіберді.
Тек мәдениет сақтап, "алқаш" дегенін "ішкіш" деп өзгертіпті. Мұқаңның аруағынан ұялған шығар.
Ол аздай жүрген жерінде "Мен тап бұлай сөзден жеңілмеп ем" деп осы смсті өзі оқып насихаттап жүрді. О кезде ватцап жоқ...
Жобасы Жүкеңнің мерейтойы қарсаңында осыны біреу тауып алған болуы керек, жер-жерден өзіме бұрмаланып жетіп жүр...
Қазір "бәлду-бәлду бәрі өтірік" дегендей, ол серілік дәурен көзден бұлбұлдай ұшты ғой!!!"деп жазды.