Актриса, әнші Айгүл Иманбаева өткен өмірі мен балалық шағын сағынышпен еске алып, ерекше жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Жүректің ең бір нәзік қылын шертетін, жылдар өтсе де көкіректен өшпейтін бір сағыныш бар. Ол мектеп жылдары, қимас балалық шақ..
Бүгін 25 мамыр. Дәл осы күні күнтізбеге қарап отырып, еріксіз өткен күннің естеліктері есіме түсіп отыр. Оймен де, қиялмен де сонау артта қалған бақытты шақтардың жылылығын іздеп, жүрегімде ерекше бір сағыныш.
Көзді ашып-жұмғанша 1994 жылдың сол бір шуақты мамыры да артта қалыпты-ау... Мектеп бітіргеніме тура 32 жыл болыпты. Сенесіздер ме, содан бері қанша уақыт өтсе де, үлкен өмірге үкілі үмітпен қадам басқан сол бір бұрымды қыздың бейнесі дәл кешегідей көз алдымда. Ол кезде дүние басқаша, армандар тым асқақ еді. Сол жылы алтын ұямды «Алтын белгімен» тәмамдау менің өмірдегі, өнердегі ең алғашқы үлкен жеңісім, алғашқы бағындырған биігім болды.
Бұл тек қана үздік баға емес. Бұл маған сенген анашымның көз жасы мен үміті, маңдайымнан сипаған аяулы ұстаздарымның төккен тері және «мен міндетті түрде биіктерді бағындырамын!» деп өзіне сөз берген бала Айгүлдің үлкен жауапкершілігі еді.
Сол кездегі мақсатқа деген талпыныс пен білімге деген құштарлық мені бүгінгі сіздер білетін, сіздер жақсы көретін Айгүл Иманбаева етіп қалыптастырды.
Бүгін мектеп қабырғасынан ұшып, үлкен өмірдің даңғылына шыққан барша жас түлектерді шын жүректен құттықтаймын! Сонау 1994 жылы менің жүрегім қандай ұлы мақсатпен соқса, бүгін сіздердің де көкіректеріңізде сондай от лаулап тұрғанына сенемін. Жолдарың ашық болсын, алтын балалар!
Маған қанат бітірген алтын ұя мектебіме, ардақты ұстаздарыма мәңгілік тағзым.Жылдар өтіп, уақыт зымыраса да, сол бір алтын шақтың сәулесі жүрегімді мәңгі жылытып тұрмақ.
Ал сіз мектеп бітірген күнді қалай еске аласыз? Жүректе қалған ең ыстық естелігіңіз қандай? Сағынышпен бөлісе отырайық", деп жазба жариялады Айгүл Иманбаева.