Әнші Атхамбек Юлдашев жұрт білмейтін шындығын ақыры айтты

Әнші Атхамбек Юлдашев жұрт білмейтін шындығын ақыры айтты

Танымал әнші Атхамбек Юлдашев көпшілік біле бермейтін жайттардың бетін ашты. Өнер иесі атышулы Қуандық Бишімбаевпен байланысы туралы әңгімеге жауап беріп, бойындағы ерекше қасиеті жөнінде де мәлімдеме жасады, деп жазады Democrat.kz.

Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына қатысқан әнші Атхамбек Юлдашев бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың көмегімен танылды деген қауесетті жоққа шығарды.

Журналист өнер иесінен Бишімбаев министр болып тұрған кезде оның жолын аштырғаны туралы әңгіменің қаншалықты рас екенін сұрады.

«Жоқ, бұл – жай әңгіме, өсек. Бірақ оның әке-шешесі біздің көршілеріміз болған. Сол жағынан танимын, бірақ араласпағанбыз. Амандасып тұрамыз, олар той жасағанда біз барғанбыз. Адамдардың өтірік сөзіне ермеңіздер. Нығматуллиндермен де байланыстырып қойыпты. Ол да өтірік ақпарат», – деді әнші.

Атхамбек Юлдашев өзінің өнердегі жетістіктерін ықпалды адамдардың қолдауымен емес, халықтың батасымен байланыстыратынын айтты. Ол бұған дейін жетім-жесірлерге көмектесіп, мектептерге қаржылай қолдау көрсеткенін жеткізді.

«Мен халыққа жақсылық істедім, жетім-жесірлердің басынан сипадым, мектептерге ақшалай көмек бердім. Халыққа жақсылығымды аямағаным үшін елдің батасымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдым», – деді өнер иесі.

Әнші өзінің қазақ ортасында өсіп-жетілгенін мақтан тұтатынын да жасырмады.

«Мен қазақтардың ішінде өстім. Сонымен мақтанамын. Мен үшін қазақтардай кең халық жоқ. Әке-шешем «Тапқаныңды арқалап кетпейсің. Халыққа берсең, батамен сенің жолың болады» деп үйреткен. Ата-бабаларымыз арабтардан тараған, қожа руынанмын. Анам – өзбек, әкем жақтан әжемнің анасы индиялық болған», – деді ол.

Сұхбаттағы ерекше назар аудартқан мәлімдемелердің бірі әншінің көріпкелдік қабілеті туралы сөзі болды.

Атхамбек Юлдашев адамдардың ішкі дүниесін сезіп, олардың ойын оқи алатынын мәлімдеді. Өзінің айтуынша, мұндай қасиет анасының бойында да болған.

«Менің анамда бала сүйе алмаған әйелдерге себепші болатын қасиет болған. Анам да тапқанын көршілерге бөліп беретін. Сол қасиеттің бір шеті маған келіп қонған. Адамдардың ішкі дүниесін біліп қоямын. Құдайдың берген көріпкелдігі бар. Іштегі ниетті көріп, адамдардың ойын оқи аламын», – деді әнші.

Осылайша Атхамбек Юлдашев Қуандық Бишімбаев пен Нығматуллиндер әулетінің көмегіне сүйенгені туралы тараған әңгімені теріске шығарды. Ал адамдардың ойын оқи алатыны жөніндегі мәлімдемесі әншінің жеке пайымы ретінде айтылды.

Барлық жаңалықтар