Ардагер ұстаз жаңа Конституция жобасын қарапайым тілде талдап берді

Ардагер ұстаз жаңа Конституция жобасын қарапайым тілде талдап берді
ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Өмір Шыныбекұлы жаңа Конституцияның жобасына қатысты өз пікірін ортаға салды деп жазады Democrat.kz. 
 
"Мектепте 20 жылдан аса құқықтану пәнінен сабақ бердім.
Яғни, 1995 жылғы Конституцияны осында отырған көбіңізден көбірек оқуыма тура келді (Әр жылдары енгізілген өзгерістерімен қоса).
 
Оның үстіне "Қоғамдық қорғаушы" ретінде біраз сот процестеріне қатыстым.
Жала жабылып, полиция мен сотқа жауап берген кездерім де болды.
Азаматтық құқық - жалпыға ортақ қой.
 
Орыс халқының "Әрбір суыр далада агроном" (Каждый суслик в поле агроном) деген уыттылау сөзін еске түсірсек, әдебиетші, бухгалтер, зоотехник, агроном, дәрігер, таксист және тағы басқаларға қарағанда, Конституция жобасы туралы айтуға моральдық құқық менде көбірек болса керек?!
 
Қазақстан Республикасы Конституциясы - 1995, Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы - 2026.
 
НЕ ҰТТЫҚ, НЕ ҰТЫЛДЫҚ, НЕНІ ҰМЫТТЫҚ?
Бізге ұсынылған Конституция жобасы мен қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияны салыстыра отырып, елдің құқықтық-саяси жүйесінде болуы мүмкін өзгерістерді талдап көрейік.
 
1 - 33 баптар
1. Не ұттық? (Жаңарулар мен прогрессивті нормалар)
 Әділеттілік және Заң мен Тәртіп Преамбулаға «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарының енуі — мемлекеттің басты идеологиялық бағытын айқындады.
 Адам капиталына басымдық
3-бапта білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл экономиканың шикізатқа тәуелділігінен білім экономикасына өтуінің конституциялық кепілі іспеттес.
 Өлім жазасына толық тыйым
17-бапта өлім жазасына үзілді-кесілді тыйым салынды. Бұл халықаралық деңгейдегі ең жоғары гуманистік стандарт.
 «Миранда ережесі» және Адвокат құқығы
18-бапқа сәйкес, адамды ұстаған сәтте оның құқықтары түсіндірілуі тиіс және адвокат көмегін ұсталған сәттен бастап пайдалануға кепілдік берілді.
 Цифрлық құқықтарды қорғау
21-бапта дербес деректерді цифрлық технологиялар арқылы заңсыз жинаудан қорғау құқығы алғаш рет Ата Заң деңгейінде көрініс тапты.
 
2. Не ұтылдық? (Тәуекелдер мен талқылауды қажет ететін тұстар)
 Институционалдық «сүзгінің» жойылуы 4-бапта заң шығарушы билік ретінде тек «Құрылтай» аталады. Бұл Сенаттың жойылатынын білдіреді. Сенат заңдарды екінші рет сараптайтын және аймақтардың мүддесін қорғайтын орган еді. Енді заң шығару процесі жылдамдағанымен, оның сапасына бақылаудың азаю қаупі бар.
 Бұлыңғыр терминдер
12-бапта «ұлттық мүдделерге өзге де ауыр зиян келтіру» деген ұғым бар. Бұл терминнің құқықтық анықтамасы нақты болмаса, ол ертеңгі күні сөз бостандығы мен азаматтық белсенділікті шектеу құралына айналып кетуі мүмкін.
 Халықаралық құқықтың орны
5-баптың жаңа редакциясында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңмен айқындалатыны жазылған. Бұл халықаралық нормалардың ұлттық заңдардан сөзсіз басымдығы туралы қағидаттың біршама әлсірегенін білдіреді.
3. Нені ұмыттық? (Жіберілген мүмкіндіктер)
 Экологиялық құқықтардың нақтылығы 3-бапта «жоғары экологиялық мәдениет» айтылғанымен, азаматтардың «таза ауыз суға», «таза ауаға» деген құқығы жеке бап ретінде бекітілмеді.
 Соттардың толық тәуелсіздігі
Судьяларды тағайындау процесіне Президент әкімшілігі мен атқарушы биліктің ықпалын жоятын нақты тетіктер (мысалы, судьяларды тек кәсіби қоғамдастықтың сайлауы) көрінбейді.
 
23-баптағы «мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу» және «цензураға тыйым салу» нормалары халықаралық стандарттарға жақын.
Алайда, «арандату әрекеті» немесе «ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру» дегенді кім және қалай анықтайтыны басты мәселе болып қала бермек.
 
 33-57 баптар
1. Не ұттық? (Жаңарулар мен күшейтілген кепілдіктер)
 Білім берудің зайырлылығы (33-бап) Жаңа жобада білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітілген. Бұл діни радикализмнің алдын алу және білім стандартын біріздендіру үшін маңызды қадам.
 Сайлану құқығындағы шектеу (36-бап) Сыбайлас жемқорлық үшін кінәлі деп танылған азаматтардың сайлану құқығынан өмір бойына айырылуы — мемлекеттік аппаратты тазартуға бағытталған қатаң әрі әділ норма.
 Президент өкілеттігінің шектелуі (43, 45-баптар)
Президенттің бір реттік 7 жылдық мерзімі өзгермейтін норма ретінде бекітілген.
Президенттің жақын туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге ресми тыйым салынды. Бұл — непотизммен (туысшылдықпен) күрестің конституциялық кепілі.
 Вице-президент институты (49-бап)
Билік транзитінің нақты механизмі пайда болды. Президент күтпеген жағдайда қызметінен кетсе, өкілеттік бірден Вице-президентке өтеді, бұл саяси тұрақтылықты сақтайды.
 
2. Не ұтылдық? (Тәуекелдер мен қайшылықтар)
 Құрылтайды тарату механизмі (46, 57-баптар)
Президент ұсынған Вице-президент немесе Премьер-министр кандидатурасын Құрылтай екі рет қабылдамаса, Президенттің Құрылтайды таратуға құқығы бар.
 
Бұл заң шығарушы органның атқарушы билікке тәуелділігін арттырып, Парламенттің (Құрылтайдың) дербестігін әлсіретуі мүмкін.
 
Сөз бостандығы мен жиналыс еркіндігі (35, 41-баптар)
Бейбіт жиналыстар мен құқықтарды шектеуде «ұлттық қауіпсіздік», «қоғамдық тәртіп» және «қоғамның адамгершілік болмысы» сияқты бұлыңғыр терминдер сақталған.
 
Бұл билікке демократиялық белсенділікті өз қалауынша шектеуге мүмкіндік береді.
 Қос палатадан бас тарту (53-бап)
145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай аймақтық мүдделерді (бұрынғы Сенат сияқты) қорғау функциясын жоғалтып алуы мүмкін.
3. Нені ұмыттық? (Жіберілген мүмкіндіктер)
 
 Әкімдерді тікелей сайлау
Мәтінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау туралы айтылғанымен (36-бап), облыс әкімдерін халықтың тікелей сайлауы туралы нақты бап енгізілмеген.
 
 Экологиялық құқықтар (34-бап) Мемлекет қолайлы ортаны қорғауды «мақсат етеді» деп жазылған.
Бұл халықаралық стандарттардағы «әр адамның қолайлы қоршаған ортаға құқығы бар» деген міндеттеуші нормадан әлсіз.
 
 Соттардың тағайындалуы (46-бап) Жоғарғы Сот және Конституциялық Сот судьяларын әлі де Президент ұсынады. Сот жүйесінің атқарушы биліктен толық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін (мысалы, судьяларды тек судьялар қауымдастығы сайлауы) тетіктер ұмыт қалған.
 
 58-83 баптар
1. Не ұттық? (Жүйелі өзгерістер мен жаңа тетіктер)
 Қазақстан Халық Кеңесі (70-71 баптар): Бұл мүлдем жаңа институт. Халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде оған заң шығару бастамасы мен референдум жариялау бастамасы құқығы берілген. Бұл азаматтық қоғамның мемлекеттік шешімдерге тікелей әсер ету мүмкіндігін арттырады.
 Соттардың тәуелсіздігі мен мерзімділігі (72, 83 баптар)
 Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот Төрағалары тек бір рет қана сайлана алады. Бұл биліктің бір қолға шоғырлануын және «административті ресурсты» шектейді.
 Судьялардың өздері қолданыстағы заңның Конституцияға қайшы екенін сезсе, істі тоқтатып, Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті (79-бап).
Айтпақшы, Шымкент мектептерінде орын алып отырған бейнекамера дауын да Конституциялық сот шешуі керектігін жазғам.
Заң шығарудағы сапа (61-бап)
Заң жобаларын кемінде үш оқылымнан өткізу міндеттелген. Бұл «шұғыл» қабылданатын сапасыз заңдардың санын азайтуы тиіс.
 
2. Не ұтылдық? (Билік балансындағы тәуекелдер)
 Үкіметтің «Уақытша заң» шығару құқығы (60-бап, 4-тармақ)
 
Үкіметке аса маңызды жағдайларда «заң күші бар уақытша акт» қабылдау құқығы берілген.
Бұл атқарушы биліктің заң шығарушы билікке (Құрылтайға) үстемдік етуіне, яғни «төтенше» жағдайды сылтау етіп, Парламентті айналып өтуіне жол ашуы мүмкін.
 
 Құрылтайдың таратылу қаупі (62-бап) Президент ұсынған кандидатураларды Құрылтай екі рет қабылдамаса, Президент Құрылтайды тарата алады. Бұл депутаттарды Президенттің шешімдеріне «көз жұмып» келісуге мәжбүрлейтін саяси қысым құралы.
 
 Сенім білдіру мәселесіндегі манипуляция (60-бап, 7-тармақ)
 
Егер Үкімет ұсынған заң өтпей қалса, Премьер-министр «сенім мәселесін» қояды. Егер Құрылтай Үкіметті отставкаға жіберетін көпшілік дауыс жинай алмаса, әлгі заң дауысқа салынбастан қабылданды деп саналады. Бұл — демократиялық емес, автоматты түрде өткізу тетігі.
3. Нені ұмыттық? (Ашық қалған мәселелер)
Судьяларды сайлау
Жергілікті судьяларды әлі де Президент тағайындайды (83-бап).
Халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру үшін судьяларды тікелей немесе жанама (халық арқылы) сайлау тетігі бұл жобада да қарастырылмаған.
 
Мемлекеттік бюджетті бақылау Құрылтайдың бюджетті бекіту құқығы болғанымен, шығыстарды өзгерту үшін Үкіметтің келісімі керек (60-бап, 6-тармақ). Депутаттардың бюджеттік дербестігі әлі де шектеулі.
 
 Жобада «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделіне ұмтылғанымен, Үкіметке заң шығару функцияларын беру және Президенттің Құрылтайды тарату құқығын сақтауы «тежемелік әрі теңгермелік» жүйесінің әлі де толық еместігін көрсетеді.
 
Үкіметтің заң жобасы өтпей қалғанда, оның автоматты түрде қабылдануы (60-бап, 7-тармақ) Құрылтайдың беделін түсіру қаупі бар.
 
 84-95 баптар
1. Не ұттық?
 Бас Прокурордың өкілеттік мерзімі (84-бап)
Ең үлкен жаңалық — Бас Прокурор енді тек бір рет 6 жылға тағайындалады. Бұл прокуратураның саяси тұрақтылығын арттырып, лауазымды тұлғаның бір орында тым ұзақ отырып, билікті асыра пайдалану тәуекелін шектейді.
 Әкімдерді баламалы таңдау (89-бап) Президент облыс әкімі лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынуға міндеттеледі. Бұл мәслихат депутаттарына (халық өкілдеріне) формальды мақұлдау емес, нақты таңдау жасауға мүмкіндік береді.
 Конституцияның мызғымастығы (92-93 баптар)
Конституцияға өзгеріс енгізу тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана мүмкін болады. Оған қоса, кез келген өзгеріс алдымен Конституциялық Соттың сүзгісінен өтуі тиіс.
Бұл — биліктің өз мүддесі үшін заңды тез өзгерте салуына қойылған мықты тосқауыл.
 Адвокатураның мәртебесі (86-бап) Адвокаттардың рөлі жеке баппен бекітілген. Бұл азаматтардың заң көмегін алу құқығын мемлекеттік қорғау деңгейіне көтереді.
 
2. Не ұтылдық?
 Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелділігі (85-бап)
Жоба бойынша Омбудсменді әлі де Президент тағайындайды.
 
Халықаралық демократиялық қағидаттар бойынша, бұл тұлға атқарушы биліктен толық тәуелсіз болуы үшін оны Парламент сайлауы қажет еді. Президент тағайындаған Уәкілдің мемлекеттік органдарға қарсы пәрменділігі төмен болуы мүмкін.
 
 Президенттің әкімдерді босату құқығы (89-бап)
Президент әлі де облыс әкімдерін өз ұйғаруымен (себепсіз де) босата алады. Бұл әкімдердің жергілікті халық алдында емес, орталық билік алдында жалтақ болуын жалғастырады.
 
 Мәслихаттарды тарату (88-бап) Президенттің мәслихатты тарату құқығы сақталған.
Бұл жергілікті өкілді органның атқарушы билікке (әкімдікке) бақылау жасау мүмкіндігін психологиялық тұрғыдан тежейді.
 
3. Нені ұмыттық?
 Тікелей сайлаудың жоқтығы
Облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін халықтың тікелей сайлауы туралы норма бұл жобада да жоқ. Тек «тағайындау» немесе «депутаттар арқылы таңдау» жүйесі ғана қарастырылған.
 
 Прокуратураның халық алдындағы есебі Прокуратура тек Президентке ғана есеп береді. Демократиялық институттарды нығайту үшін бұл органның Парламентке де есеп беру тетігі қарастырылмаған.
 
Қорыта айтсам, меніңше:
2026 жылғы жоба 1995 жылғы Конституциямен салыстырғанда билік тармақтарын теңгеруге талпыныс жасаған.
 
Дегенмен, жергілікті басқарудағы «әкімді Президент ұсынады, депутаттар таңдайды» моделі — толық демократия мен суперпрезиденттік жүйе арасындағы өтпелі кезеңнің құжаты сияқты көрінеді.
 
Жобада жергілікті өзін-өзі басқару туралы айтылғанымен, облыс және ірі қала әкімдерін халықтың тікелей сайлауы туралы нақты норма әлі де жоқ.
Жобаның 9-бабында орыс тілінің ресми мәртебесі сақталған. Егер сөз бостандығы толық қамтамасыз етілмесе, тіл мәртебесін өзгерту қоғамда диалог емес, текетірес тудыруы мүмкін.
Мойындау керек, қазақ тілін білмейтін отандастарымыздың қолында тұтқа да, қаржы да баршылық..
 
Мұны ескермеуге де болмайды..
Енді 2025 жылы "орта держава" санатына енген Қазақстанның президенті көптеген саммитерде Орталық Азия елдері атынан сөйлей бастауы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықаралық арена мен әлемдік саясаттағы беделінің арқасы екенін ашық айтуымыз керек.
 
Шыңға шыққаннан, сол шыққан шыңда тұрып қалу қиын.
 
Жасалып жатқан реформа сындарлы сыртқы саясатымен халықаралық аренада мойындалған Президент Қ. Тоқаевты «модернизатор» ретінде танытқанымен, жоғарыда аталған бұлыңғыр терминдердің тәжірибеде қалай қолданылатыны (мысалы, журналистер мен белсенділерге қысым жасалса) «сөз бостандығын тұншықтыру құралы» ретінде беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
 
Содан абай болуымыз керек секілді.
Әрине, менікі ғана дұрыс деуден аулақпын.
Қателесуім де мүмкін", дейді Өмір Шыныбекұлы. 
Барлық жаңалықтар