Қазір балалар әскерден қашады. Қуып жүріп көшеден ұстап кетіп жатыр ғой. Ата-аналар ашулы. Неге? Өйткені қорқады. Майып, мүгедек болып келіп жатыр. Өліп келіп жатыр.
Әскерімізге реформа қару сатып алу тұрғысынан, әскери қызметшілерді үй-жаймен қамту, олардың бала-шағасына кезексіз балабақша мен мектепке орналастыру бойынша жүріп жатыр-ау.
Бірақ, әскери борышын өтеп жүрген жастарға жауапкершілік алу бағытында мысықтабандап қозғалып жатыр.
Ата-ана содан абыржулы.
Меніңше әскерге жауапты Қорғаныс министрлігінің де жауапкершілігін қатаңдату керек сияқты.
Әскери борыш өту заң бойынша міндет шығар. Бірақ, айдың-күннің аманында ұлынан айырылу да қасірет.
Сондықтан әскерден жансыз “денесі” қайтқан баланың отбасының әлеуметтік жауапкершілігін заң арқылы ҚорғанысМиніне жүктеу керек.
Мысалы:
1. Кемі 50 жыл бойы, ай сайын мемлекеттегі орташа айлық көлемінде баланың отбасына өтемақы төлеу;
2. Жыл сайын кемінде 1 рет баласы әскерден өлі қайтқан баланың ата-анасын санаториялық емдеу-сауықтыруға жіберу;
3. Қайтыс болған баланың жерлеу рәсіміне бала қызмет еткен бөлім командирлері мен солдаттарын міндетті қатыстыру, басын көтеру, тас қою шараларын да Қорғаныс мині “мойнына” ілу.
4. Әскери борышын өтеп жүріп қайтыс болған баланы “шейіт” деп танып, шейіт отбасына Қорғаныс министрлігі тарапынан қомақты бір реттік әлеуметтік көмек бергізу (кемі 100 мың $).
5. Әскердегі әлімжеттік жасалған әскери округ басшысынан бастап, бөлім командирлеріне дейін өлім орын алған жағдайда әскери шенін төмендету. Ол қызметкерлерге одан кейін мүлдем әскери шені жоғарыламайтындай норма қабылдау;
6. Барлық бөлімдерде шейіттер тақтасын жасату, қыршын кеткен балалардың суретін ілгізіп, тәрбиелік мақсатта қолдануды міндеттеу;
7. Соғыс жағдайынан басқа уақытта міндетті әскери борышын өтеп жүрген солдат қайтыс болса, ол әскери бөлімнің қызметкерлеріне 5 жылға дейін марапаттау, наградтау, айлығына үстеме ақы төлеу жүйесін тоқтату керек.
Басқа әскери бөлімге ауысып кетсе де!
8. Бір баласы әскерде “қалған” отбасының өзге балаларын заң бойынша әскери борышын өтеуден босату.
Елді қорғау қасиетті парыз. Әскерге бала құлшыныспен бару керек.
Ол үшін әскерге жауапты салалық мемлекеттік орган тиісті жағдай жасауы керек, жауапкершілік алуы тиіс.
Көшеден текедей бақылдатып алып кетіп, ұрып-соғып майып қылып, кейде табытпен қайтарудың да жауапкершілігін сезінсін.
Жоғарыдағы ұсыныстар да баланың орнын толтырмайды. Бірақ, жағдайға байыппен қарауға сеп бола ма деген ой…
.
Әйтпесе, бүгінде бір-екі адамды жұмыстан шығарып, 2-3 адамға сөгіс беріп қайтадан “тіршілігін” жалғастырып жүрген болуы да мүмкін.
Сіз не дейсіз?
Ербол СӘБИТОВ, қоғам белсендісі.
Фото интернеттен.