Астанада массаж салонына барған еркек сол жердегі әйелді аяусыз зорлап-қорлаған

Астанада массаж салонына барған еркек сол жердегі әйелді аяусыз зорлап-қорлаған

Танымал заңгер Ләззат Рақышева Астанада өзін зорлады деп мәлімдеген әйелдің оқиғасын жариялап, істің тергелуіне қатысты бірқатар күмәнді жайттарды көтерді. Жәбірленушінің айтуынша, күдікті ретінде көрсетілген ер адам ұсталғанымен, кейін босатылған және арада шамамен үш ай өтсе де оның процессуалдық мәртебесі «қорғалуға құқығы бар куә» күйінде қалған, деп жазады Democrat.kz.

Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне көмек сұрап жүгінген әйелдің әңгімесін жариялады. Заңгердің жазуынша, оқиға 4 шілдеде Астана қаласында болған.

Әйел медициналық білімі бар екенін, қосымша массаж жасауды үйреніп, сұлулық салонындағы бір кабинетте емдік массаж қызметін көрсеткенін айтқан.

Оның сөзінше, бұған дейін массажға келген ер адам кейін қайта хабарласып, қызметке жазылған. Әйел ер адамның интимдік сипаттағы талап қойғанын, алайда оған бірнеше рет мұндай қызмет көрсетпейтінін түсіндіргенін айтады.

Одан кейінгі жағдайды жәбірленуші зорлық-зомбылық ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, ер адам оны ұрып-соғып, пышақпен қорқытып, бірнеше рет жыныстық зорлық жасаған.

«Мен айқайладым, қарсыласуға тырыстым. Ол мені шашымнан ұстап, басымды соқты», – деп баяндаған әйел.

Жәбірленушінің сөзінше, бір сәтте қашуға әрекет жасап, терезеден секірмек болған. Алайда ер адам оны ұстап алып, қайтадан бөлмеге сүйреп кіргізген.

Кейін сырттағы адамдар оның көмек сұраған дауысын естіген. Полиция шақырылғаннан кейін күдікке ілінген азамат пәтерде ұсталған.

Алайда әйел полиция әрекетіне қатысты да ауыр сұрақтар көтеріп отыр.

Оның айтуынша, полиция келген кезде жедел жәрдеммен кетсе, күдіктінің босатылатыны айтылғандықтан, дене жарақаттарына қарамастан сол жерде қалуға мәжбүр болған.

Жәбірленуші тағы бір жайтты алға тартты: туыстары келген кезде оларды оқиға болған пәтерге кіргізбеген, ал ер адамның таныстарына кіруге мүмкіндік берілген.

Ләззат Рақышеваның жазуынша, әйелге қазір заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Заңгер сондай-ақ істің тергелу барысына қатысты:

«Ер адам ұсталып, полицияға жеткізілген, бірақ кейін босатылған. Шамамен үш ай өткеніне қарамастан ол әлі де қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде», – деп жазды.

Рақышева істің материалдарын зерттеп, сараптамалардың қалай жүргізілгенін және ықтимал куәларға қатысты мәселелерді тексеретіндерін мәлімдеді. Сонымен бірге жәбірленуші тергеушіден бас тарту туралы өтініш беріп, істі Астана қаласы Полиция департаментінің өндірісіне беру мәселесін көтермек.

Жарияланған жазбадағы зорлау, қорқыту және полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты деректер – жәбірленуші тараптың мәлімдемесі. Істің нақты құқықтық бағасы мен барлық мән-жайы тергеу қорытындысы арқылы анықталуы тиіс.

Барлық жаңалықтар