Әлеуметтік желіде Әсет Ақмолда танымал актер Асанәлі Әшімовтің ерекше бір естелігін жазды деп хабарлайды Democrat.kz.
"АСАНӘЛІ ӘШІМОВТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:
«МАЙРАНЫҢ ӘНІ»
Майра, сен әкеңді бірде «дядя Шәкен», бірде «папа» деуші едің. Сонан соң ол кісіге артық еркелеп, шолжаңдамай, ойыңды ірікпей бірден айтатынсың. Ол кісі де сенің бетіңе келіп: «Майкоза, (сені үнемі осылай атаушы еді ғой), мынауың дұрыс емес», – деп айтып көрмеген болар. Әкең мен екеуіңнің ортаңдағы ерекше бір ықылас-ілтипат пен соншама нәзік жылылықты сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Міне, осындай бір-біріңе деген ықыластан болар, Шәкең сенің тойыңа білек сыбана кірісті дейсің. Панфилов атындағы бақтың ортасындағы ресторанға көңіл жетер ағайынының, жолдас-жорасының ешқайсысын қалдырмай, дүрілдетіп той өткізді. Ұмытпасам, той шығынының ауқымы екі мың сомнан асып түскенін айтып, жұрт жағасын ұстағандарын да білемін.
Ол кездегі екі мың сомға той жасау деген құлақ естіп, көз көрмеген керемет.
Той өте салысымен, жұрттың бәрі де «Бақытты болыңдар!» дейтін ақ тілеулерін айтып, тарқасып жатты. Ол кезде шамаң келсе таң атқанша, ертеңіне күн шыққанша тойласаң да тойхана иесі уақыт жағынан қысым жасамайтын.
Таңға таяу жұрт аяғы сиреп, етжақын ағайындар ғана қалды. Сенде қандай ой болғанын білмеймін, ал менің ойым Шәкеңе өзіңді уақытша болса да от жаққан пәтерге апарып түсіруге рұқсат сұрау болатын. Қалай болғанда да тойдан кейін келінді өз босағасынан қайта аттатудың жөн еместігін сезінемін. Сол ойымды сезгендей Шәкең тағы да екеуімізге әкелік ықыласын бере отырып:
– Енді екеуің де егіз қозыдай қатар жүрер балаларым болдыңдар. Асанәліні Мұратымнан немесе Майкозамнан кем көрмейтініме сеніңдер. Өз үйлеріңді алып, қатарға қосылып кеткендеріңше бірге бола берсеңдер, көзімнің нұры, көңілімнің қуанышы бола берсеңдер деп едім. Қаңыраған төрт бөлмені айналдырған үшеуіміз қалай
толтырамыз? – деп, әкелік қимас көңілдің ниетін айтып келе жатыр еді, мен қазір кешіксем, мүлде кешігердей, өз пікірімді тым асығыс айттым:
– Бізге рұқсатыңызды беріңіз, өз құжырамызға барып, әкемнің шаңырағын көтерейін. Шешемді қолымызға алсам деймін. Әрине, бармаймын десем, ол кісі мені қол-аяғымды байлап, үйіне әкетпейтіні белгілі еді, – әйтеуір жастайымыздан сүйекке біткен ер жігіттің намысын қорғаған түрім ғой. Сол жерде суырылмай-ақ шешемнің өзінің «Е, бұл неме белгілі кісінің атағына қызығып, намысымызды сыртымыздан сатып жүр екен ғой» деп ойлап қала ма деген күдік те жоқ емес еді…" деп жазды Әсет Ақмолда.
Атақты актердың бұл естелігі оқырмандарға ерекше әсер еткені сондай, авторға алғыстарын жаудырды.