Атақты профессор Жұлдыз Сүлейменоваға араша түсіп, қолдау жасады

Атақты профессор Жұлдыз Сүлейменоваға араша түсіп, қолдау жасады

Соңғы уақытта Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен бір топ адам Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арыз жолдағаны қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде бұл мәселеге қатысты пікір екіге жарылды. Бір тарап министрді сынаса, енді бір тарап білім саласындағы көп жылғы түйткілді бір жылдың ішінде шешуді талап ету әділетсіз екенін айтуда деп жазады Democrat.kz.

Осы жағдайға байланысты жазушы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек те өз пікірін білдірді.

Ғалымның айтуынша, Жұлдыз Сүлейменова министр қызметіне келгеніне көп уақыт өтпесе де, оның үстінен Мемлекет басшысының атына ұжымдық шағым жолданған.

«Өмірі осы Ағарту, Білім саласында өтіп келе жатқан қарт ғалым оқытушы, профессор ретінде мен де бұл шетін мәселеден қалыс қала алмадым. Маман, оқулық авторы райында мен не ойлаймын? Жұлдыз Парламентте отырып та Ағарту саласына жаны күйіп жүрді. Жаны күюі – министр болу амалы емес, имандай шыны, жаны күйінген жанашырлығы болатын. Шын жанашырлығын көрген Президент министрлікке ұсынса керек. Отқа солай келіп түсті», – деп жазды ол.

Құлбек Ергөбектің пікірінше, қазіргі білім саласында қордаланған мәселе аз емес. Сондықтан министрлікке келген кез келген адам бірден сынның астында қалуы мүмкін. Ал Жұлдыз Сүлейменова сол ауыр саланың ішкі түйткілдеріне батыл кіріскен.

Профессор министрді біржақты қаралаудан сақ болу керегін айтады. Оның сөзінше, білім саласындағы бүгінгі дағдарыс бір адамның тұсында ғана пайда болған жоқ. Бұл – жылдар бойы жиналған жүйелі мәселе. Мұғалім мәртебесі, оқулық сапасы, мектептегі жүктеме, білім мазмұны, кадр тапшылығы, ауыл мен қала мектебінің алшақтығы секілді түйіндер бір күнде шешіле салмайды.

Қоғамда министрге қатысты айтылып жатқан сынның бір бөлігі білім саласындағы нақты проблемалардан туғаны рас. Алайда сын әділ болуы үшін оның артында нақты дерек, дәлел және жүйелі талдау тұруы керек. Ал жеке адамды саяси науқанға айналдырып, барлық мәселені бір министрдің мойнына арта салу – мәселенің түпкі себебін шешпейді.

Құлбек Ергөбектің жазбасынан аңғарылатыны – ол Жұлдыз Сүлейменованы қорғап қана отырған жоқ. Ол білім саласына сырттай емес, іштей қанық адам ретінде реформаның оңай жүрмейтінін еске салады. Әсіресе көп жыл бойы орныққан ескі жүйені өзгертуге кіріскен адамға қарсылық та, қысым да көп болатынын меңзейді.

Бұл оқиға қоғамдағы тағы бір маңызды сұрақты алға шығарды: білім саласындағы өзгеріске біз шынымен дайынбыз ба? Әлде әр министр келген сайын бұрынғы проблеманың бәрін соның мойнына артып, бір жылдан кейін жауап талап етумен шектелеміз бе?

Қазір Жұлдыз Сүлейменоваға қатысты арызға ресми тараптың қандай жауап беретіні белгісіз. Дегенмен бұл жағдай білім саласындағы ашық диалогтың, кәсіби талқылаудың және нақты реформалық ұстанымның қажет екенін тағы көрсетті.

Ал Құлбек Ергөбектің пікірі министрге араша түсу ғана емес, білім саласына қатысты қоғамдық талқылаудың эмоциядан гөрі әділеттілікке, байыпты ойға және нақты дерекке сүйенуі керегін еске салғандай.

Барлық жаңалықтар