Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына байланысты тергеу ісінде жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласына жеткізілген.
Неліктен Алматыға жіберілді?
Прокуратура мәліметінше, Мұқанғалиева Алматыдағы сот сараптамасы институтына стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін жолданған. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы дайын емес.
Бұған дейін ол сот санкциясымен Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған. Тергеу барысында әйелдің мінез-құлқына байланысты психикалық жағдайын тексеру қажеттілігі туындаған.
Сонымен қатар, күдікті мәртебесіне қарамастан, оған әлі нақты айып тағылып, бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Тергеу толық аяқталып, сараптама нәтижелері алынғаннан кейін ғана құқықтық баға беріледі.
Негізгі күдіктіге қатысты жағдай
Іс бойынша тағы бір негізгі күдікті – марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты да кешенді психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның нақты қай жерде сараптамадан өтіп жатқаны белгісіз.
Қандай айыптар тағылған?
Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
екі немесе одан да көп адамды өлтіру;
алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық;
алаяқтық;
Тергеу деректеріне сәйкес, ұрлық пен алаяқтық фактілері марқұмдардың жеке мүлкін иемдену және малдарын заңсыз сату әрекеттерімен байланысты.