Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ағасы бауыры туралы айтып берді деп жазады Democrat.kz. сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктінің ағасы бауырымен 2024 жылдан бері жақын араласпайтындарын айтады. Ер адамның айтуынша, інісін соңғы рет 2025 жылдың жазында көрген.
“Інім момын, өзімен-өзі жүретін, көп адаммен араласпайтын адам еді. Отбасыда төрт ағайындымыз. Інім әйелімен және 5 баласымен ата-анамыздың қолында тұратын. Анамның айтуынша, інім желтоқсанның басында келінді емдетемін деп кеткен. Өзбекстанда, Ташкентте емдетемін деп айтқан екен. Басқа ештеңе білмеймін. Мен бөлек тұрамын”, – дейді Думан есімді ер адам.
Күдіктінің ағасының айтуынша, келіні босану кезінде жағдайы нашарлап, 21 күн комада жатқан көрінеді. Кейін есін жиған соң да сырқаттанып жүріпті.
Ер адам інісінің жоғалып кеткенін шудан кейін, көпшілікпен бірге білгенін айтады.
“Мен де барлығымен бірге білдім. Қазір 5 баласы анамның қарауында. Келін науқастанғалы балаларға қарауға шамалары келмей қалды. Содан бері балаларға анамыз қарап отыр”, – дейді ер адам.
Күдіктінің ағасы інісінің қайда екенін білмейтінін, тек желіде тарап жатқан ақпараттардан ғана хабардар екенін айтады.
“Қайда екенін мен де білмеймін. Желіде айтылып жатыр ғой, хакер айтқан деген ақпараттар, мүмкін солар айтқан жақта шығар, бірақ мен білмеймін. Бұрын-соңды бұлай жоғалып кету жағдайы болмаған. Ата-енесімен қандай қарым-қатынаста екендерін де білмеймін”, – дейді күдіктінің ағасы.