Атырауда жоғалған отбасы: Ресми орган мәлімдеме жасады

Атырауда жоғалған отбасы: Ресми орган мәлімдеме жасады

Атырау облысы Жангелдин ауылында болған отбасы өліміне қатысты іс бойынша тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары қылмысқа байланысты қосымша эпизодтар — ұрлық пен алаяқтық деректерін де тексеріп жатыр деп жазады Democrat.kz. сайты Atyrau OIL парақшасына сілтеме жасап. 

29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев төрт адамды өлтірді деген күдікпен тергелуде. Тергеу мәліметінше, бұдан бөлек, марқұмдардың малын сату және олардың мүлкін иемдену фактілері анықталған.

Іс аясында күдіктінің жұбайы — Ақбаян Мұқанғалиева да тексерілуде. Сот санкциясымен ол стационарлық сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге орналастырылды. Алдағы уақытта оны Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына жіберу мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген, бұлтартпау шарасы қолданылмаған.

— Күдікті Мұқанғалиева А. соттың санкциясымен сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін арнайы медициналық мекемеге орналастырылды. Соңғы құқықтық баға сараптама қорытындылары алынғаннан кейін беріледі, — деп хабарлады Атырау облысының прокуратурасы.

Тергеудің аяқталу мерзімі сараптамалардың нәтижесіне және жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің көлеміне байланысты болады.

Прокуратура азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Барлық жаңалықтар