Журналист Жанат Молдашова марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен болған әңгімесінің аудиосын жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.
Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар қаза болуы мүмкін деген күннен кейін де отбасылық чаттарға хабарламалар жіберіліп отырған.
Шалқар Мұқанғалиев 7 қараша күні «Жұма құтты болсын, аман болыңдар» мазмұнында аудиохабарлама келгенін айтты. Ол мұны күдік тудырмас үшін әдейі жіберілген болуы мүмкін деп санайды және хабарламаларды кім жібергені әзірге белгісіз екенін жеткізді.
"Нәсіп жеңгеміздің ағайын-туыстарының чаттарына жіберген аудиосы бар. Сол аудио хабарламаларының бірін 7 қарашада жіберген. Күдік тудырмас үшін... Қалай болғанда да, біреу жіберіп тұр... Қазіргі уақытта телефонның бәрі Сұлтанда болды деп тұр ғой. Сол Сұлтан жіберіп тұрған шығар деп ойлап тұрмыз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.
Атырау облысы ПД барлық нұсқаларды тексеріп жатқанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, отбасының кіші қызы әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Тергеу мен іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Бас прокуратура Атырау облысында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікпен Сұлтан Сарсемалиевке іздеу жариялаған болатын.