Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Басты айыпталушы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қосымша айыптар тағылды, деп жазады Democrat.kz.
Іс Атырау облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралуда. Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәрсемәлиев қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ Мирамгүл Қарабалинаны және Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталып отыр.
30 маусымдағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар айыптау актісінің жаңа редакциясын ұсынды. Судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы, яғни «басқа қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру» бабы қосылған.
Мирамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша да жаңа тармақтар енгізілді. Тергеу мәліметінше, ДЦП диагнозы бар, көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі болған Мирамгүл дәрменсіз жағдайда болған. Сонымен қатар ол ата-анасының өлімі туралы полицияға хабарламақ болғандықтан өлтірілді деген болжам бар.
Бұдан бөлек, айыпталушыға марқұмдардың атына тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз иемденді деген айып тағылды. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы, яғни ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған алаяқтық ретінде сараланған. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 520 996 теңге.
Сондай-ақ бұған дейін алаяқтық ретінде қаралған малға қатысты эпизод қайта сараланып, Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 1-бөлігі, яғни «мал ұрлығы» бойынша бағаланған.
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол әйелінің ата-анасы мен Мирамгүл Қарабалинаны қасақана өлтіргенін айтты. Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі алдын ала жоспарланбағанын, жанжал кезінде өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін мәлімдеді.
Айыпталушы қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп қалғанын да мойындады. Ол мұны ұзақ уақыт жиналған қарыздардан туған ауыр психологиялық күйзеліс және шындықтан қашуға тырысуымен түсіндірген.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағамбетова сотта жәбірленуші тараптың атынан 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық өтемақы өндіруді талап етті. Оның айтуынша, бұл талап бір отбасының төрт мүшесінен бірдей айырылуына байланысты келтірілген ауыр моральдық зиянға негізделген.
Сот процесі жалғасып жатыр.