Белгілі әнші, продюсер Бағым Мұхитдинова марқұм күйеуін еске алып, оның өмірінің соңғы күндері туралы айтып берді деп жазады Democrat.kz.
"Жаңа жылдың алдында тағы қайталап, ауырып қалды. Мен қарапайым "грипп" деп ойладым. Бірақ суықтағанға ұқсамайды. Әлденеден күдіктендім.
"Дәрігерге барып, қаралайық" деп қоймадым. Марқұм күйеуім "жаңа жыл мерекесі өткен соң барам дәрігерге" деді.
Қаңтардың екісі күні жағдайы қиындай бастаған соң, жедел жәрдем шақыртуға тура келді. Ауруханада оны жан сақтау бөлімінде ИВЛ аппаратына қосты. Сол кезде "бұл жақсы емес" деген жаман ой келді. Өйткені өкпесі өздігінен тыныс алып, шығаруға жарамай қалған екен.
Бауырының көмегімен басқа қымбат аппаратқа ауыстырдық. 33 күн бойы есін жимаған күйі аппаратта жатты.
Жан сақтау бөліміне кіріп жүрген бауырынан жағдайын сұрасам, "бәрі дұрыс" дейтін. Сөйтсем, сол жан сақтау бөлімінде жатып, инсульт та алып, қан тамырларында түрлі ақаулар болған екен.
Күйеуім қайтыс болғанда, әпкем Бәтес қаралы хабарды естіртті. Ұйқыдан оянған едім. Есіктен маған қарап тұрған әпкемді көріп, ештеңе түсінбедім. Оның жылап тұрғанына қарап, оның күйеуі қайтыс болды деп ойладым. Неге олай ойладым, білмеймін.
Сәл кейін қаралы хабарды естіген соң, есімнен танып..."деген Бағым Мұхитдинова бұл қайғыны көтеру жеңіл болмағанын айтты.
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.