"Байғұс оқушылар мен мұғалімдер-ай...": Білім саласындағы кезекті жаңалықтар жұртқа бас шайқатты

"Байғұс оқушылар мен мұғалімдер-ай...": Білім саласындағы кезекті жаңалықтар жұртқа бас шайқатты

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бұған дейін жеке бағаланбаған бірқатар пәнге баға қойылады. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрттың бір бөлігі жаңалықты қолдаса, енді бірі балалар мен мұғалімдердің жүктемесі көбейетінін айтып сынға алды, деп жазады Democrat.kz.

Шынар Ақпарованың айтуынша, енді «Цифрлық сауаттылық», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндерінде күнделікті формативті бағалау жүргізіледі.

Ал аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.

Вице-министр бұл өзгеріс қосымша жазбаша бақылау жұмыстарын көбейтпейтінін айтты. Баға пәннің ерекшелігіне қарай практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар негізінде қойылмақ.

Алайда жаңалық жұртқа бірдей ұнаған жоқ.

Пікір қалдырғандардың бірі:

«Бейшара балалар, бейшара мұғалімдер. Жыл сайын жаңа бірдеңе ойлап табады», – деп жазған.

Тағы бір желі қолданушысы:

«Мазаны алды. Келесі жылы тағы бірдеңе ойлап табады», – дейді.

Ал кейбір ата-аналар керісінше бұрынғы бағалау жүйесіне оралуды қолдайды.

«Бағаны баяғыдай 1-ден 5-ке дейін қайтарса. Бақылау жұмысы, шығарма, диктант, мазмұндама қайта келсе», – деген пікір бар.

Тағы бір қолданушы:

«Диктантсыз орфографияны, мазмұндамасыз есте сақтауды, шығармасыз сөйлеуді қалай дамытамыз?» – деп сұрақ қойған.

Дене шынықтыру пәніне баға қою да сұрақ туғызды.

«Егер бағалайтын болса, ұлдар мен қыздарды бұрынғыдай бөлек оқытсын», – деп жазған пікір иесі.

Ал кейбір қолданушылар:

«Әйтеуір бір нәрсе қалыпты жүйеге орала бастады», – деп жаңалықты қолдаған.

Қысқасы, Шынар Ақпарова жариялаған жаңа тәртіп қоғамды екіге бөліп отыр: бір тарап барлық пәндегі баланың еңбегі бағалануы керек десе, екінші тарап мектепте баға көбейгеннен білім сапасы автоматты түрде жақсармайды деп есептейді.

 

Барлық жаңалықтар