Мектептегі шексіз тіркеу мен есептен шаршаған ұстаздардың жанайқайын белсенді педагог Сәния Нүсіпәлі ащы мысқылмен жеткізіп, цифрландырудың шын мәнінде балаға не беріп жатқанын сұрақ астына алды, деп жазады Democrat.kz.
Білім саласындағы түйткілдерді жиі көтеріп жүрген белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі бұл жолы мектептердегі бітпейтін тіркеу, платформа, есеп пен электронды жүйелердің көбейіп кеткенін өткір әжуамен сынға алды.
Ұстаздың айтуынша, мектептегі «Жетекшілер» WhatsApp тобында тыным жоқ: күн сайын жаңа тапсырма, жаңа тіркеу, жаңа есеп келеді. Соның салдарынан мұғалім де, ата-ана да, бала да шексіз платформалардың ішінде кетіп бара жатқандай әсер қалдырады.
Сәния Нүсіпәлі өз жазбасында бұл жағдайды былай сипаттайды:
«БАЛА ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ БЕ, ӘЛДЕ ХАЛЫҚТЫ ТІРКЕЙМІЗ БЕ?
Мектептегі «Жетекшілер» WhatsApp тобына кірсеңіз, тыныштық жоқ. Күнде тапсырма, күнде тіркеу, күнде есеп!
Ата-ананы тірке, баланы енгіз, әлеуметтік паспорт толтыр, 12 кітап платформасын ұмытпа, «Балажанға» кір, NOBD-ны ретте... Кете береді, кете береді!
Бәрін электронды түрде толтырамыз. Сосын қағазға шығарамыз. Папкаға жинаймыз. Цифрландырудың қазақша нұсқасы осы шығар.
Құдай ақы, тіркеле-тіркеле халықаралық деңгейге шығып кеттік қой! Енді алаяқтар бүкіл жеті атамызды былай қойғанда, жеті пұштымызға дейін жаттап алған шығар. Оларға да рақмет, осынша мәліметті өзіміз дайындап беріп жатырмыз ғой!
Ал енді айтыңдаршы, осыншама платформа мен тіркеудің нәтижесі қайда?
Бала тәрбиеленіп жатыр ма, әлде ол туралы мәліметтер ғана көбейіп жатыр ма?
Мұғалімнің уақыты — есепте.
Ата-ананың уақыты — тіркеуде.
Баланың уақыты — платформаларда.
Ал баланың балалығы ше?
Бір сәт телефонды қойып, баланың көзіне қарап, әңгімелесуге де мұрша қалдырыңдаршы!
Ең болмаса, балаға тыныштық беріңдерші!
Баланы тәрбиелеу деген — оны жүз платформаға тіркеу емес. Баланы адам ету үшін кейде жүз есептен артық бір шынайы әңгіме керек.
Әй, осының бәрін ойлап тапқандар, бір сәтке тоқтап, өздерің де ойланыңдаршы!
Біз бала тәрбиелеп жатырмыз ба, әлде бүкіл елді бір үлкен дерекқорға айналдырып жатырмыз ба?»
Бұл жазбада бүгінгі мектеп өміріндегі бірнеше өзекті мәселе қатар қозғалған. Біріншісі — мұғалімнің басты жұмысы баламен жұмыс істеу ме, әлде түрлі база мен платформаны толтыру ма деген сауал. Екіншісі — ата-аналар мен балалар туралы мәліметтің шектен тыс жиналуы. Үшіншісі — «цифрландыру» деген ұранның түбінде қағазбастылықтың азаймай, қайта электронды және қағаз есептің қатар жүруі.
Сәния Нүсіпәлі «бәрін электронды түрде толтырамыз, сосын қағазға шығарамыз, папкаға жинаймыз» деп, цифрландырудың шынайы көрінісін бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді. Оның үстіне ұстаз алаяқтар жайлы әжуалы ескерту арқылы жеке мәліметтердің тым көп жиналып жатқанын да астарлап жеткізеді.
Жазбаның ең өзекті тұсы — баланың уақытын, мұғалімнің уақытын, ата-ананың уақытын не жеп жатқанын көрсетуі. Автордың ойынша, мұғалім есептен бас көтермейді, ата-ана тіркеуден босамайды, бала платформалар арасында жүреді. Ал осының арасында «баланың балалығы» кейінге ысырылып бара жатқандай.
Сәния Нүсіпәлі мәселені жай ғана сынап қоймай, ең негізгі сұрақты төтесінен қояды: осынша тіркеу мен платформаның нақты нәтижесі бар ма? Бала шынымен тәрбиеленіп жатыр ма, әлде тек ол туралы мәліметтер ғана көбейіп жатыр ма?
Ұстаздың бұл жазбасы мектептегі тіркеу мен есептің шектен шыққанын, балаға арналған жүйенің кейде баланың өзінен алыстап кететінін ащы юмормен ашып көрсетеді.