Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов әлеуметтік желіде ақын әрі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманға қатысты тараған видеодан кейін пікір білдірді. Ол көпшілікті бір сәттік көрініске сүйеніп, өнер иесінің ұзақ жылдар бойы жинаған беделіне көлеңке түсірмеуге шақырды деп жазады Democrat.kz.
Тұрсынбек Қабатов Жүрсін Ерманның қазақ өнері мен айтысқа сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық өнердің табиғатын терең түсінетін тұлғалардың қатары сирек.
«Бәрі бітті, енді Жүрсін аға қалды ма? Қазақ өнерін Жүрсін ағамыз секілді түсінетін адам аз. Ағамыз соңғы кезде ауырыңқырап жүр. Аға, 100 жасаңыз», – деп жазды ол.
Әзілкеш әлеуметтік желідегі парақшаларды ақпараттың мән-жайын толық анықтамай тұрып, біржақты пікір таратудан сақ болуға үндеді. Оның сөзінше, ондаған жыл елге қызмет еткен адамның абыройын бір видео арқылы жоққа шығару әділетсіз.
«Көрінген жаңалықтың ақ-қарасын ажыратпай тұрып, 40-50 жыл ел үшін еңбек етіп жинаған абырой-беделін төкпейік. Керісінше, “ағамыздың жасын берсін Димашқа” деп неге жазбайсыздар?» – деді Тұрсынбек Қабатов.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жүрсін Ерман мен әнші Димаш Құдайбергеннің кездесуі түсірілген видео тараған еді. Қысқа бейнежазбадағы көрініс жұрт арасында түрлі пікір туғызып, кей қолданушылар ақынның әрекетін сынаған.
Алайда Тұрсынбек Қабатов көпшілікті видеоны толық контекстен бөліп қарамауға шақырды. Оның пікірінше, ел өнеріне ондаған жыл еңбек сіңірген тұлғаның беделін бір сәттік кадрмен бағалау дұрыс емес.