"Бәрі өтірік": Оқу ағарту министрлігінің кезекті есебі желіде талқыланып, масқараға ұшырады

"Бәрі өтірік": Оқу ағарту министрлігінің кезекті есебі желіде талқыланып, масқараға ұшырады

ҚР Оқу ағарту министрлігінде кезекті аппараттық кеңес өтті. Отырыс барысында министрлік басшылығы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша білім сапасына талдау жасады деп хабарлайды Democrat.kz.

Талдау нәтижелері оқушылардың білім деңгейі өткен оқу жылының осы кезеңімен салыстырғанда өскенін көрсетеді. Бұл білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелілігін көрсетеді. 

Өңірлер ішінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстары жоғары көрсеткіштерді көрсеткен. 

Pedsovet.kz. әлеуметтік желі парақшасында орыс тілінде тараған осы ақпаратқа қатысты педагогтар мен қарапайым азаматтар түрлі пікір білдіруде. 

"Ал сіздер білім сапасының шынайы түрде емес, бұйрықпен осылай өсіп жатқанын білесіздер ме? Ұят емес пе? Иә, ұят. Бірақ жоғары жақтың қысымы бізді осылай етуге мәжбүрлеуде. Бұл реформа нәтижесі емес, бұл жай ғана жасанды көрсеткіш"

"Мұғалімдер аттестациясында білім сапасын жоғары көрсетуі керек. Міне, сол үшін де көрсеткіштер қолдан шимайланады. Олай етпесе, мұғалімнің категориясы көтерілмейді. Соңғы үш жылдық көрсеткіш жоғары болуы керек. Міне, сондықтан мұғалім амалсыздан "үштік" баға қоя алмайды"

"Қазір мектепте көбейту кестесін білмейтін 8 сынып оқушылары бар. Білмегені үшін төмен баға қойсаң, өз еркіңмен жұмыстан кетуге арыз жаз деген маған талап қойылды"

"Бірінші сыныптың бағдарламасын толық меңгермеген баланың білімін екінші сыныпта жоғары деп бағалаймыз. Біз кімді алдап жүрміз?"

"Мұғалімге жоғары баға қоюға Білім басқармасы, әкімдер мәжбүрлейді"

"3" қойсаң әкімшілік соңыңа түсіп алады, қоймайын десең оқушы басынады. Соңы осындай "рейтингке" алып келіп отыр"

"Мұғалім төмен баға қоя алмайтынын қазір бастауыштың баласы да біледі. Өтірік бағаның арқасында міне, осындай рейтинг көрсеткіштері қағазда шимайланып жатыр"

"Ең қорқыныштысы, білім сапасы жоғары деген мектептер деп ойлаймын"

"Оқушыға "үштік" қойған мұғалім қазір қылмыскер сияқты. Осындай мәжбүрлікке қалыптасқанымыз сондай, қазір өзіміз қойған өтірік бағаға өзіміз сене бастадық".

Барлық жаңалықтар