Бас мүфти мынадай деп отырғанда, басқаларға ренжу - ақымақтық емес пе?

Бас мүфти мынадай деп отырғанда, басқаларға ренжу - ақымақтық емес пе?

Таяуда Бас мүфти Наурызбай қажы журналист Ерболат Мұхамеджанға сұхбат берді деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде Ерболат Мұхамеджан хабарлап, "осындай сұрақтар қойылды" деген соң, қызығып, әлгі сұхбатты көріп шықпақ болдық. 

Шынын айтқанда, сұхбаттың 85-90 пайызын әрең шыдап көрдік десек болады. Неге?

Себебі білдей бір елдің діни басқармасын басқарып отырған мүфти журналистің өте өзекті, маңызды, өткір сұрақтарының ешбіріне мандытып, нақты жауап бермеді. 

Сұхбат мүфтидің жұмысқа кіріскен пандемия уақытына қатысты сауалмен басталады. Пандемия кезінде мүфтилік қызметке кіріскенін, сол кезде халықпен қалай байланыс құрғанын, "онлайн садақа", "онлайн құрбандық шалу" жүйесін енгізгенін айтты Наурызбай қажы. 

Қожырап кеткен дін саласын қолға алып, нақты мынадай жоспар құрып, сол бойынша жұмыс жасап бастадық дейтін мүфтиді таппадық. Бос, ұсақ әңгімелер айтылды. 

"Қоғамда уағызшы, ұстаз, имам деген аттары бар кісілердің қазақтың дәстүріне, тіліне тиіскен уағыздарына қатысты" сұраққа да мүфтиден  "олардың айтқан ешбір сөзі шындыққа жанаспайды, қазақтың 70 пайыз сөзі арабтыкі емес, домбыра харам емес, "шеше" сөзі қасиетті сөз" деген жауап күттік. 

Өкінішке қарай, "хазіреті мүфтиіміз" сұрақты мың рет айналып өтіп, соңында "оларға ескерту жасадық" деп құтылды. 

Екі сөзінің бірі "аталарымыз жүрген ислам жолы" дегенді айтқан бас мүфти "Яссауи, Бекет ата, Мәшһүр Жүсіп аталарымыздың жолын ұстануымыз" керек дегенді бірнеше рет айтты. Қазақтың аталары сонда Яссауиден бастау ала ма, әлде Бекет атадан ба?

Яссауиге дейінгі аталарымыздың ұстанымы туралы мүфтидің айтар дерегі жоқ шығар, кім білсін.

"Бабаларымыздың бәрі бес уақыт намазын қаза етпеген" деген мүфтидің сөзінен кейін жұрт әлгі сайқмазақ, әзілкешке бекер ренжіген деген ойға қалдық. Білдей дінді басқарып отырған мүфти мынадай деп отырса, дүмшелерден не күтесіз?

Қаптаған бос мешіттерден елге пайда бар ма деген сауалға Наурызбай қажы "мешіттер бос емес. Қазір мешіттер медиациялық жұмыс та атқаруда. Былтыр 500-дей жұптың ажыраспауына үлес қостық" дейді. 

Талай жұптың ресми некесі бар-жоғына қарамай, имам некесін пытырлатып қия беретін мешіттер пәлен жұптың отбасын сақтап қалыпты. Ал сол имам некенің "арқасында" қаншама бала жетім қалып жатқанын, "тоқал, талақ" дегендердің бәрі сол имам некеден болып жатқанын "хазіретіміз" айтпады. 

Таңнан кешке дейін зарлап, аузына келгенін көкіп, жәннатты сатып, тозақты "сыйлап", дұғаны саудалап, қазақтың салтын қорлап, қазақты мазақ етіп жатқан діндарларды тезге сала алмай отырған мүфтиден жалпы, әлдене күту ақымақтық. 

Мүфтилік дегенді ақ шапан киіп, "Аллаһу акбар" деп қойып әр алқалы діни жиында төбе көрсету деп түсінбесе, дәл қазір Наурызбай қажының үстел тоқпақтап, жұмыс істейтін кезеңі еді.

Өкінішке қарай, қоғамда әлдебір діни жаман оқиға бола қалса, "теріс ағымдағылар, уахаббиттер, салафиттер жасады оны" дей салу әдетке айналды. Бір Исламның өкілдері бола тұрып, бір бірінің етін шайнауға дайын тұрған қауымның тізгінін тартуға қазіргі мүфтидің шамасы мүлде жетпей тұр.

Бос сылдыр сөз, бұрмаланған тарих, қорланған қазақтың ата дәстүрі, "талақ, тоқалдың" зардабын шеккен жетімдер қоғамы әзірге рухани бағытта мүгедектің күйінен арыла қоюы екіталай. 

Ал күн санап бірінен бірі асып түсетін надан уағызшылары қаптаған Қазақстанның діни басқармасын Наурызбай Тағанұлы секілді "сұарқты айналып өту шебері" басқарып тұрғанда, рухани сала туралы айтудың өзі артық емес пе, қалай ойлайсыз?

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Барлық жаңалықтар