Ақын Бауыржан Халиолла әлеуметтік желідегі жазбасында әнші Асхат Тарғынға деген сағынышын өлеңмен жеткізді. Ол өнер иесінің даусын, азаматтық болмысын, намысын айрықша атап, сахнадан көптен көрінбей кеткен әншіні сағынғанын әсерлі жыр жолдарымен білдірген деп жазады Democrat.kz.
"БЕЙУАҚЫТТА САҒЫНУ
немесе Асхат Тарғын інімді іздеу
Көп болды көрмегелі сахнадан,
Жан едім өнеріңді бақылаған.
Өзіңді іздеп жүрмін сағынышпен,
Өзгелер таңдайыма татымаған.
Құярдай тұла бойға дауысың нәр,
Көп емес сен секілді арыс ұлдар.
Бәрі бар інім сенде, ерекшесің,
Бойыңда ең бастысы намысың бар.
Ауылы ағалықтың таяу бүгін,
Бірде тез, бірде өтеді баяу күнім.
Сәт сайын араласып жүрмесек те,
Ойымнан шықпай қойдың аяулы інім.
Басымда талай-талай болды бақыт,
Қазір ше?
Жылдар жеңді жолды уатып.
Азайып бара жатыр алдым жаймен,
Сосын ба, көңілшекпін соңғы уақыт.
Жас келіп, жан-жағыңа алаңдайсың,
Жабығып жалғыз өзің қалардайсың.
Бірімен қоштаса алмай аһ ұрасың,
Біріне топырақ та сала алмайсың.
Келмейді біз кешірген енді көктем,
Сыйластық ниетіңе сендім еппен.
Алыстан барғанымда амандасып,
Кеткенің-жүрегімді елжіреткен.
Шау тарттым, самайымды қырау шалып,
Шамамды сынай қарап жүр-ау шабыт.
Көңілім шалқыр емес, балқыр емес,
Асхатжан, жібермесең бір ән салып..."