Бензин бағасы біртіндеп өседі – министрлік 

Бензин бағасы біртіндеп өседі – министрлік 

Энергетика министрлігі мораторийден кейін бензин бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Вице-министр Қайыржан Тұтқышбаевтың айтуынша, мемлекет жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне жол бермейді.

«Бүгін мораторийдің аяқталғанына екі апта толды. Біздің мәліметімізге сәйкес, бензин бағасы 1 теңгеге ғана көтерілді. Мемлекет пен энергетика министрлігі жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне жол бермейді. Тіпті 2-3 теңге деген де дерек жоқ», - деді Тұтқышбаев үкіметте өткен брифингте.

Дегенмен ол бензин бағасы біртіндеп көтерілетінін де жасырмады.

«Бағалар біртіндеп көтеріледі. Бірақ күрт өспейді. Біз ең бастысы жанар-жағармайдың қорын жинап, бағалардың күрт көтерілуіне жол бермеуіміз керек», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, 1 сәуірден бастап елімізде АИ-92 бензині мен дизельдің бағасын ұстап тұрған мораторийдің мерзімі аяқталған болатын.

Барлық жаңалықтар