Білім бөлімі мұғалімді жиынға қатыстырмай, полиция шақырған

Білім бөлімі мұғалімді жиынға қатыстырмай, полиция шақырған

Белсенді педагог Өмір Шыныбекұлы Орал қалалық Білім бөлімінде болған масқара жайт туралы айтып, бұл жағдайға қатысты құқықтық баға берілуін сұрады деп жазады Demorat.kz.

"ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Тлеккабыл Нурышов әріптестің айтуынша,
бүгін Орал Қаласының Білім Бөлімі қала мектептері басшыларының жиынына қатыспақ болған ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде Тілекқабыл Нұрышовты жиналысқа қатыстырмай, тіпті полиция қызметкерлерін шақырған.

Сол жерде Тілекқабыл Нұрышов пен шақыртумен келген полиция қызметкерлері арасында түсініспестік туған. Осы инцидентте заң қай тараптан бұзылды?

Меніңше, құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл жағдайды бірнеше заңнамалық актілер негізінде қарастыруға болады.

Мұндағы негізгі мәселе — Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттігі мен мемлекеттік органның ішкі тәртібі арасындағы қайшылық.


1. Қоғамдық кеңес мүшесінің құқықтары
«Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 20-бабына сәйкес, кеңес мүшелерінің келесідей құқықтары бар:
 🔹️ Мемлекеттік органдар өткізетін кеңестерге, отырыстарға қатысу (егер ол жерде мемлекеттік құпиялар талқыланбаса).
 🔹️ Мемлекеттік органның қызметіне қоғамдық бақылау жүргізу.
 🔹️ Ақпарат алу және ұсыныстар енгізу.
Тұжырым: Егер жиын жабық форматта (құпия мәліметтерді қамтитын) өтпесе, Қоғамдық кеңес мүшесін кіргізбеу — оның заңды қызметіне кедергі келтіру ретінде бағалануы мүмкін.

2. Білім бөлімінің әрекеті
Білім бөлімі әдетте «ішкі регламентті» немесе «күн тәртібіндегі мәселелердің тек қызметтік сипатын» алға тартады. 


Алайда, егер азамат (бұл жағдайда Нұрышов) қоғамдық тәртіпті өрескел бұзбаса, балағат сөздер айтпаса немесе күш көрсетпесе, полиция шақыру — негізсіз шақырту болуы ықтимал. Қалай болғанда да, мемлекеттік органдардың қызметі ашық болуы тиіс («Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы).

3. Полицияның рөлі
Полиция қызметкерлері шақырту бойынша келуге міндетті. Бірақ олар келген бойда адамды ұстамай, алдымен жағдайды анықтауы тиіс.

Егер олар заңды құқығын пайдаланып тұрған қоғам белсендісіне негізсіз күш қолданса немесе оны заңсыз бөлімшеге алып кетсе, бұл — өкілеттікті асыра пайдалану болып саналады.
Абырой болғанда полиция қызметкерлері Тілекқабыл Нұрышовты полиция бөліміне алып кетпеген.

Заң кімнің жағында болуы мүмкін?
Менің ойымша:

🔹️ Білім бөлімі -  «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды сақтамау, азаматтың конституциялық құқықтарын шектеу.
 🔹 ️Тілекқабыл Нұрышов - Егер ол жиналысқа заңсыз кіріп, айқай-шу шығарса (тәртіп бұзса) — «Ұсақ бұзақылық». Менің білуімше, ондай жағдай болмаған. 
🔹 ️Полиция - егер негізсіз ұстау шараларын қолданса — қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану (Менің білуімше, ұстау шаралары болмаған, бірақ Тілекқабыл Нұрышов жиналысқа кіре алмаған).

 Көп жағдайда мұндай инциденттер мемлекеттік органдардың транспаренттілік (ашықтық) қағидасын түсінбеуінен туындайды.

 Қоғамдық кеңес мүшесі — бұл мемлекет пен халық арасындағы көпір. 
Оны жиынға қатыстырмау — заң тұрғысынан да, саяси тұрғынан да қате қадам болып көрінеді.

Бұл оқиға бойынша прокуратура органдарына Білім бөлімінің іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап арыз түсіруге болатын секілді. 

Бұл инциденттің орын алуына Қоғамдық кеңес мүшелеріне мүше екендігін куәландыратын құжат бермеген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің жұмысын үйлестірушілердің де кінәсі бар деп ойлаймын!

Алдағы уақытта мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін Оқу-ағарту министрлігі министрі Білім басқармалары басшыларына Қоғамдық кеңес мүшелерін өздері немесе білім бөлімдері өткізетін жиналыстарға арнайы шақырту жіберуін өтініп, қатынас-хат жолдауы керек секілді..
Мұндай қатынас-хат Басқармаларға Қоғамдық кеңес төрағасы тарапынан да жіберілуі керек." - деп жазады Өмір Шыныбекұлы өз парақшасында.

Барлық жаңалықтар