Білім саласында желге ұшқан ақшалар: «Өрлеуде» 576 млн теңгенің былығы шықты

Білім саласында желге ұшқан ақшалар: «Өрлеуде» 576 млн теңгенің былығы шықты

Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ қызметіне жүргізілген ішкі мемлекеттік аудиттің нәтижесін жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

Тексеру 2024 жылғы 1 шілдеден 2026 жылғы 28 ақпанға дейінгі кезеңді қамтыған. Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 576,6 миллион теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Оның ішінде 34,8 миллион теңге – қаржылық заңбұзушылық, ал 541,7 миллион теңге – рәсімдік сипаттағы заңбұзушылық ретінде көрсетілген.

Аудиторлар қаржылық заңбұзушылықтар қатарында 12,3 миллион теңге көлемінде алынбай қалған кірісті, бюджетке аударылмаған 14,5 миллион теңгені және 8 миллион теңгенің негізсіз жұмсалуын тіркеген.

Тексеру барысында ұйымның қаржылық жағдайы да нашарлағаны белгілі болды. 2025 жылы орталық 2,3 миллиард теңге кіріс түсіруді жоспарлаған. Алайда нақты түскен қаржы 1,4 миллиард теңге ғана болған. Яғни жоспарланған межеден 860,5 миллион теңгеге аз кіріс түскен.

Ұйымның табыстылық көрсеткіші де күрт төмендеген. Егер 2023 жылы қоғам 821 миллион теңге пайда тапса, 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 5,3 миллион теңгеге дейін азайған. Ал 2025 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша орталық жылды 437 миллион теңге шығынмен аяқтаған.

Аудит жоспарын орындау барысында да бірқатар сәйкессіздік анықталған. Атап айтқанда, 453 миллион теңге көлеміндегі кіріс бекітілген даму жоспарында қарастырылмаған. Аудиторлардың бағалауынша, бұл қаржылық жоспарлаудың сапасы төмен болғанын көрсетеді.

Министрлік тексеру нәтижелері орталық жұмысында жүйелі проблемалар бар екенін атап өтті. Әңгіме қаржыны жоспарлаудағы кемшіліктер, басқарушылық шешімдердің әлсіздігі және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері туралы болып отыр.

Рәсімдік заңбұзушылықтар қатарында 437,6 миллион теңге көлеміндегі таза шығын, 18,7 миллион теңгенің тиімсіз әрі мақсатсыз пайдаланылуы, сондай-ақ 85,4 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылуы көрсетілген.

Тексеру қорытындысы бойынша төрт материал құқық қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар сегіз әкімшілік құқықбұзушылық бойынша материалдар айыппұл салу мәселесін қарау үшін тиісті органдарға берілген.

Аудит еңбекақы қорын жоспарлауда да күмәнді тұстарды анықтады. Мәселен, 2024 жылы ұйым 1 313 қызметкерге жалақы төлеуді жоспарлаған. Алайда нақты жұмыс істеген қызметкерлер саны 942 адам болған. Соған қарамастан еңбекақы қорының 99 пайызы игерілген.

2025 жылы штат саны 1 313-тен 723 бірлікке дейін қысқарған, ал қызметкерлердің орташа тізімдік саны 687 адамды құраған. Дегенмен 5,5 миллиард теңге көлеміндегі еңбекақы қоры толық пайдаланылған.

Бұдан бөлек, аудиторлар 2024–2025 жылдары 3 миллиард теңгеден астам қаржы алдымен үнем ретінде көрсетіліп, кейін қызметкерлерге сыйақы түрінде төленгенін анықтаған. Аудиторлардың пікірінше, бұл штат саны мен еңбекақы қорын жоспарлаудың жеткілікті деңгейде негізделмегенін аңғартады.

Осылайша, «Өрлеу» орталығына жүргізілген аудит білім саласындағы қаржы тәртібі, басқару сапасы және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мәселелерін қайта күн тәртібіне шығарды. Енді құқық қорғау органдары жолданған материалдар бойынша қандай процессуалдық шешім қабылдайтыны белгілі болмақ.

Барлық жаңалықтар