Қазақстандағы білім беру жүйесінің болашағына қатысты өткір үндеу жарияланды. Жыл сайын өзгеретін бағдарламалар, мұғалімді қажытқан есептер, күрделі оқулықтар мен шексіз бақылаулардың астарында қандай мәселе жатыр? Әлеуметтік желіде Ұлан Иманғали көтерген сауалдар бүгінгі мектептің жай-күйіне, оқушының болашағына және білім саласын басқарып отырғандардың жауапкершілігіне қатысты, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанның білім беру жүйесіне тағы қанша реформа қажет? Жыл сайын өзгеретін талаптар, жаңартылатын бағдарламалар мен толассыз бағалау жүйелері білім сапасын қаншалықты жақсартты? Мұғалімнің жұмысы жеңілдеді ме? Оқушының білімге қызығушылығы артты ма?
Facebook желісінде Ұлан Иманғали жариялаған көлемді жазба осы мәселелерді қайта көтерді. Автор білім саласындағы өзгерістердің санына емес, олардың нақты нәтижесіне назар аударуға шақырады.
«Білімге реформа емес, ақылға қонымды жүйе керек!» деген ол реформалардың үздіксіз жүргізілуі білім сапасының артуына кепіл бола алмайтынын алға тартады.
«Сіздерге қояр бір ғана сұрағым бар: біз білім саласын дамытып жатырмыз ба, әлде дамытқан болып, өз қолымызбен құрдымға сүйреп барамыз ба?» — деп жазады автор.
Бұл сауалдың астарында бір ғана оқулық немесе бағалау жүйесіне қатысты наразылық емес, бүкіл білім беру саясатының бағытына деген күмән жатыр.
«Бір реформаның нәтижесін көрмей жатып, екіншісін енгізе береміз»
Ұлан Иманғали білім саласындағы басты мәселелердің бірі ретінде тұрақсыздықты атайды.
Оның пікірінше, Қазақстанда жаңа өзгерістер енгізілген сайын бұрынғы жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктері жеткілікті талданбайды.
«Бізге жыл сайын өзгеретін бағдарлама емес, жылдар бойы жемісін беретін тұрақты білім жүйесі керек. Бізге әдемі есеп емес, шынайы нәтиже керек», — дейді ол.
Автор білім саласын үздіксіз тәжірибе алаңына айналдыруды тоқтатуды талап етеді.
«Бір ұрпақ бір реформаның нәтижесін көріп үлгермей жатып, екінші реформаны енгізе бермеңіздерші! Мұғалімді қағазға байлап, баланы күрделі бағдарламамен қажытпаңыздаршы!» — деп жазады ол.
Мұнда маңызды мәселе көтерілген: білім беру жүйесіндегі өзгерістердің тиімділігін бағалау үшін уақыт керек. Ал жаңа бастамалар бұрынғы реформалардың нәтижесін толық анықтамай енгізілсе, олардың нақты ықпалын ажырату қиындайды.
«Қағазбастылықты жою — қағазды компьютерге көшіру емес!»
Автордың ерекше тоқталған мәселесі — мұғалімдердің есеп пен құжаттан босай алмауы.
Оның айтуынша, білім саласында қағазбастылықты азайту туралы жиі айтылғанымен, бұрын қолмен толтырылған құжаттар енді электронды түрде сұралады.
«Қағаздың бір түрі жойылса, екінші түрі пайда болады. Бұрын қолмен жазылған есеп енді электронды түрде сұралады. Атауы өзгергенімен, мазмұны өзгермеген жұмыстар қаншама!» — деп жазады Ұлан Иманғали.
Автор осы мәселені бір сөйлеммен түйіндеген:
«Қағазбастылықты жою дегеніміз қағазды компьютерге көшіру емес. Қағазбастылықты жою дегеніміз — қажетсіз есепті мүлде сұратпау!»
Жазбада мұғалімнің күнделікті жұмысы да сипатталған.
Қысқа мерзімді жоспар әзірлеу, бөлімдік және тоқсандық бағалау жұмыстарын дайындау, оларды тексеру, талдау жүргізу, сынып сағатын жоспарлау, кесте жасау, мониторинг жүргізу, түрлі құжаттарды тапсыру...
«Бір есеп бітпей жатып, екіншісі келеді», — дейді автор.
Ол мұғалімнің осыншама тапсырманың арасында негізгі міндетіне толық көңіл бөлуге мүмкіндігі қалмайтынын алға тартады.
«Мұғалім — біреудің реформасын үнсіз орындайтын қызметкер емес!»
Ұлан Иманғали мұғалімнің кәсіби еркіндігіне де ерекше назар аударған.
«Мұғалім — біреудің ойлап тапқан реформасын үнсіз орындай беретін қызметкер емес. Ол — ұлт болашағын тәрбиелейтін маман», — деп жазды ол.
Автордың пікірінше, ұстазға сенім, еркіндік және шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік қажет.
Ал әр қадамын тексеріп, әр сабағын құжатпен дәлелдеуге міндеттеу арқылы білім сапасын арттыру қиын.
«Мұғалімнің жұмысын жазған есебімен емес, берген білімінің нәтижесімен бағалайтын уақыт келді», — дейді ол.
Бұл жерде автор мұғалімді бақылаудан толық бас тартуды емес, оның кәсіби қызметін бағалауда шынайы нәтижеге басымдық беруді ұсынады.
БЖБ, ТЖБ, PISA: бағалау көбейген сайын білім арта ма?
Жазбада оқушыларды бағалау жүйесіне қатысты да сын айтылған.
«БЖБ, ТЖБ, ҰБТ, PISA... Атауы көп. Талап көп. Есеп көп. Бірақ солардың барлығы баланың шынайы білімін арттырып жатыр ма?» — деп сұрайды автор.
Ол білім сапасы тапсырмалардың күрделілігімен немесе тест нәтижелерімен ғана өлшенбеуге тиіс екенін алға тартады.
«Білімнің сапасы баланың сол білімді қаншалықты түсініп, меңгеріп, өмірде пайдалана алуымен өлшенеді», — дейді ол.
Автордың пікірінше, оқушыны үздіксіз бағалау білім берудің негізгі мақсатына айналмауы керек.
«Бізге тестке жауап беретін бала емес, өмірдің сұрағына жауап таба алатын ұрпақ керек!» — деп жазады Ұлан Иманғали.
«Оқулық баланы қинау үшін емес, білімге қызықтыру үшін жазылуы керек»
Ұлан Иманғали қазіргі оқулықтардың мазмұнына да тоқталған.
Оның айтуынша, кейбір оқулықтарда баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін күрделі мәтіндер мен түсініксіз тапсырмалар кездеседі.
«Кей тақырыптардың өмірмен байланысы әлсіз. Бір тақырыпты түсініп үлгермеген оқушы келесі күрделі тақырыпқа көшеді», — дейді ол.
Автор оқу материалдарының күрделілігі білім сапасының жоғары екенін білдірмейтінін ескертеді.
«Қарапайым дүниені күрделендіру — жаңашылдық емес! Ал күрделі дүниені балаға қарапайым тілмен түсіндіре білу — нағыз ұстаздық шеберлік», — деп жазады ол.
Оның пікірінше, оқулық оқушының жасына сай, түсінікті, қызықты әрі күнделікті өмірде қолдануға болатын білім беруге бағытталуы қажет.
«Реформа жасағысы келгендер алдымен ауыл мектебіне барсын!»
Жазбадағы ең өткір ұсыныстардың бірі білім саласына өзгеріс енгізетін жауапты адамдарға бағытталған.
«Тағы бір айтарым, білім саласына өзгеріс енгізгісі келетіндер алдымен ауыл мектебіне барып көрсін. Бір апта мұғалім болып сабақ берсін. Отыз оқушы отырған сыныпқа кірсін», — дейді автор.
Ол реформаны әзірлеушілерге оқушылармен жұмыс істеп, дәптер тексеріп, ата-аналармен сөйлесіп, құжат толтырып, келесі сабаққа дайындалуды ұсынады.
«Содан кейін барып жаңа талап ойлап тапсын! Өйткені мектептің шынайы жағдайын кабинетте отырып толық түсіну мүмкін емес», — деп жазады Ұлан Иманғали.
Бұл ұсыныстың мәні — білім саласындағы шешімдерді күнделікті мектеп өмірінен алшақ қабылдамау.
Автордың пікірінше, кез келген өзгеріс ең алдымен оны жүзеге асыратын мұғалімдердің тәжірибесі мен пікіріне сүйенуге тиіс.
«Мұғалімнің міндеті — оқыту, оқушының міндеті — оқу!»
Ұлан Иманғали білім саласындағы жауапкершіліктің бөлінуіне де тоқталған.
«Мұғалімнің міндеті — оқыту! Оқушының міндеті — оқу! Ата-ананың міндеті — тәрбиеге атсалысу! Ал білім жүйесін басқаратындардың міндеті — осы үш тарапқа қолайлы жағдай жасау!» — деп жазады ол.
Автордың пікірінше, мұғалім өзінің негізгі міндетін орындауға, оқушы білім алуға, ата-ана баласының тәрбиесіне қатысуға мүмкіндік алғанда ғана нәтиже болады.
Ол білім саласындағы өзгерістердің басты өлшемі ретінде әдемі есептерді емес, нақты оқу нәтижесін қарастыру қажеттігін атап өтеді.
«Бізге мұғалімді бақылаудың мың түрлі тәсілі емес, оның білімі мен тәжірибесіне деген сенім керек», — деген автор мектепке тәртіп пен жауапкершілікті, ал ұстазға кәсіби еркіндікті қайтаруға үндейді.
Ұлан Иманғали жазбасын білім саласындағы жауапты адамдарға арналған талаппен аяқтаған:
«Ұстазды есептен босатыңыздар!
Оқушыны орынсыз ауыртпалықтан құтқарыңыздар!
Мектепке тәртіпті, білімге сапаны, мұғалімге еркіндікті қайтарыңыздар!
БІЛІМГЕ БІТІП БОЛМАЙТЫН РЕФОРМА ЕМЕС, БАЛАНЫ ОЙЛАЙТЫН ЖҮЙЕ КЕРЕК!»
Бұл үндеуде көтерілген мәселелер бір ғана мұғалімнің еңбек жағдайына қатысты емес. Олар оқушының білім алу мүмкіндігіне, ата-ананың жауапкершілігіне, оқулықтардың сапасына және білім беру саясатының сабақтастығына қатысты.
Ұлан Иманғали көтерген негізгі сауал да осы: білім жүйесіндегі өзгерістер кім үшін жасалып жатыр және олардың нақты нәтижесін кім бағалайды?