Қазақстанда 10–11-сыныптарға арналған оқу бағдарламаларын, соның ішінде әдеби шығармалар тізімін қайта қарау жоспарланып отыр. Бұған 10-сынып хрестоматиясына енген Морис Симашконың «Емшан» повесіндегі Сұлтан Бейбарыс пен жас қыз арасындағы ашық сипаттағы эпизодқа қатысты дау түрткі болған, деп жазады Democrat.kz.
Даудың басталуына Threads желісіндегі жазба себеп болған. Қолданушылардың бірі 10-сыныпқа арналған хрестоматиядан Морис Симашконың «Емшан» повесіндегі үзіндінің суреттерін жариялап, мектеп оқушыларына мұндай мазмұнды мәтінді ұсынуға наразылық білдірген.
Жазбада ересек ер адам мен жас қыз арасындағы интимдік сипаттағы көрініс, сондай-ақ қыздың қорқынышы мен басынан өткерген жағдайы суреттелетіні айтылған.
Осыдан кейін хрестоматияның мазмұнына қатысты сұрақтар көтерілді.
Ресми жауапқа сәйкес, бұл хрестоматия «Мектеп» баспасының оқу-әдістемелік кешеніне кіреді. Аталған кешен 2019 жылы білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған оқулықтар тізіміне енгізілген.
«Емшан» повесінен алынған үзінді орыс тілінде білім бермейтін мектептерге арналған «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасындағы «Адам және Отан» бөліміне енгізілген.
Алайда 2026 жылғы шілдеде бұл оқу-әдістемелік кешен қайта басып шығаруға ұсынылып, ғылыми-педагогикалық сараптаманың бірінші кезеңінен өте алмаған.
Ресми жауапта:
«2026 жылғы шілдеде қайта басып шығаруға ұсынылған 10–11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге жүргізілген ғылыми-педагогикалық сараптама нәтижесінде аталған “Орыс тілі мен әдебиеті” пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен сараптаманың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылмаған», — делінген.
Сонымен бірге 10–11-сыныптарға арналған үлгілік оқу бағдарламаларын, оқу мақсаттары мен ұсынылатын шығармалар тізімін қайта қарау жоспарда бары айтылған.
Дегенмен маңызды бір жайт бар: сарапшылардың теріс қорытындысы дәл «Емшан» повесіндегі осы үзіндіге байланысты берілгені ресми түрде нақтыланбаған.
Сондықтан хрестоматия сараптамадан өтпей қалды деу мен оған нақты осы эпизод себеп болды деу — екі бөлек мәселе.
Әзірге бұрын басылып, мектептерге таратылған хрестоматиялардың қолданыстан алынып тасталатыны немесе жаңа бағдарлама қай уақыттан бастап енгізілетіні белгісіз.