Бір сыныпқа екі мұғалім: Қазақстан мектептерінде бұрын болмаған оқу тәсілі сыналады

Бір сыныпқа екі мұғалім: Қазақстан мектептерінде бұрын болмаған оқу тәсілі сыналады

Қазақстанның ауыл мектептерінде сабақ беру тәсілі өзгеруі мүмкін. 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте бір сыныппен бір мезетте екі педагог жұмыс істейтін жаңа модель сынақтан өтеді. Оның бірі оқушыларға басқа жерден онлайн сабақ берсе, екіншісі балалардың жанында отырып, түсінбегенін түсіндіреді. Жоба сәтті шықса, жаңа тәсіл мыңдаған ауыл мектебіне таралуы ықтимал.

Қазақстанда ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған жаңа жоба басталады, деп жазады Democrat.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, пилоттық жоба алғашқы кезеңде Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жүзеге асырылады. Жобаның ең қызықты ерекшеліктерінің бірі – «екі педагог» моделі.

Бір мұғалім экранда, екіншісі сыныпта отырады

Жаңа үлгі бойынша жетекші мұғалім интерактивті панель арқылы бір уақытта бірнеше шағын жинақты мектептің оқушыларына онлайн сабақ өткізеді.

Ал сол ауылдағы мұғалім балалармен бірге сыныпта қалады. Оның міндеті – оқушыларға материалды түсінуге көмектесу, тапсырмаларды орындауын қадағалау және кері байланыс беру.

Оқу-ағарту министрлігі Informburo.kz сауалына берген жауабында:

«Жетекші мұғалім бірнеше шағын жинақты мектепке синхронды сабақ өткізеді. Жергілікті педагог балалармен сыныпта бірге болып, оқу процесін сүйемелдейді», – деп түсіндірген.

Мұндай жүйенің енгізілуіне ауыл мектептеріндегі пән мұғалімдерінің тапшылығы себеп болып отыр.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Қазақстанда 2600 шағын жинақты мектеп бар, олардың бірқатарында әсіресе жаратылыстану-математикалық бағыттағы білікті педагогтар жетіспейді.

Яғни шалғай ауылдағы мектепте, мысалы, мықты физика немесе математика мұғалімі болмаса, басқа елді мекендегі тәжірибелі ұстаз сол мектептің балаларына қашықтан сабақ бере алады. Ал жергілікті мұғалім оқушыны сынып ішінде сүйемелдейді.

Балалардың қолына планшет беріледі

Жаңа модель тек екі мұғаліммен шектелмейді.

Пилоттық мектептерде оқушылар сабақ оқу, тапсырма орындау және цифрлық білім беру платформасымен жұмыс істеу үшін планшеттерді қолданады.

Дегенмен қағаз оқулықтар алынып тасталмайды.

Министрлік бұрын 7–11-сынып оқушыларына планшет қолдануды кеңейту мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысымен бірге қарастырылатынын мәлімдеген.

Мұғалімнің тестін де жасанды интеллект тексермек

Жобаның тағы бір бөлігі – жасанды интеллект.

ИИ мұғалімді алмастырмайды. Жоспар бойынша ол педагогтың күнделікті қайталанатын жұмысын азайтуға пайдаланылмақ.

Жасанды интеллект мұғалімге сабақ жоспары мен оқу материалдарын жылдам әзірлеуге, деңгейі әртүрлі тапсырмалар құрастыруға, тесттерді тексеруге және оқушылардың үлгерімін талдауға көмектеседі.

Үкімет бекітіп жатқан 2026–2029 жылдарға арналған жоспар бойынша ұлттық AI-білім платформасы да енгізілмек. Ол әр оқушыға бейімделген тапсырмалар ұсынып, баланың біліміндегі олқылықтарды автоматты түрде анықтауға тиіс.

Сонымен қатар балалардың жеке деректерін қорғау, академиялық адалдық және цифрлық контентті сараптау талаптары енгізілетіні айтылған.

10 мектеппен тоқтап қалмайды

Жоба бірден барлық мектепке енгізілмейді.

Үкіметтің мамырдағы жоспары бойынша алғашқы 10 мектептен кейін жоба қараша-желтоқсан айларында 50 мектепке, ал 2027 жылдың қаңтар-мамыр айларында тағы 300 мектепке кеңейтілуі қарастырылған.

Ал тамыздағы Оқу-ағарту министрлігінің жаңартылған мәліметінде пилоттық кезеңде жалпы 500 шағын жинақты мектепті қамту, кейін 2029 жылға дейін технологияны елдегі барлық 2600 шағын жинақты мектепке кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Бұл жерде бұрын жарияланған ақпараттан айырмашылық бар. Маусымда министр Жұлдыз Сүлейменова жобаны 500 мектепке жеткізіп, 2027/28 оқу жылында қалған 2100 мектепті қамту жоспарын айтқан еді.

Демек, жобаның жалпы бағыты сақталғанымен, оны бүкіл елге енгізу мерзімі кейінірек 2029 жылға дейін деп нақтыланған.

Екі мұғалім сапаны арттыра ма?

Жобаның идеясы түсінікті: ауылға тапшы маманды міндетті түрде көшіріп әкелмей-ақ, үздік мұғалімнің сабағын технология арқылы бірнеше мектепке жеткізу.

Бірақ оның қалай жұмыс істейтіні тәжірибеде белгілі болады.

Мәселен, экраннан сабақ беретін мұғалім ондаған баланың білім деңгейін қаншалықты сезіне алады? Жергілікті педагогтың рөлі толыққанды мұғалім болып қала ма, әлде көмекшіге айнала ма? Интернет сапасы нашар ауылдарда синхронды сабақ үзілмей өте ме? Бір мықты мұғалімге бір мезетте бірнеше мектепті беру оның өз жүктемесін қайта көбейтіп жібермей ме?

Осы сұрақтардың жауабы алғашқы 10 мектептегі тәжірибеден кейін көріне бастайды.

Егер жоба ойдағыдай іске асса, Қазақстандағы шағын ауыл мектебінің қалыптасқан бейнесі едәуір өзгеруі мүмкін: тақта алдында бір мұғалім емес, экранның арғы жағындағы жетекші ұстаз, сыныптағы жергілікті педагог және оларға көмектесетін жасанды интеллект қатар жұмыс істейді.

Ал мұндай модель ауыл баласына қаладағы мықты мұғалімнің сабағын шынымен қолжетімді ете ме, әлде мектептегі тірі мұғалім тапшылығын технологиямен бүркемелеудің жаңа тәсіліне айнала ма – мұны пилоттың нәтижесі көрсетеді.

Барлық жаңалықтар